Құрметті тыл еңбеккерлері және ардагерлері! Қадірлі жерлестер!
Бүгін жарқын да, қуанышты мереке күні Біз Ұлы Жеңістің 80-жылдығын тойлап отырмыз.
Бұл қасиетті мереке барлығымыз үшін біздің халқымыздың теңдессіз ерлігі мен батылдығының өшпес үлгісіне айналды. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл, ең жойқын қантөгіс - Ұлы Отан соғысында айбынды рух, ыстық жүрек, қажымас қайрат пен мұқалмас жігерлерінің арқасында біздің аталарымыз ерлік пен елдіктің рухын өрлетіп, жеңіс жалауын желбіреткен күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы осы Ұлы жеңістің жемісі.
Кеуделерін оқ пен отқа тігіп, жан аямай күрескен батыр аталарымыздың қаһарман-қайсарлығы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуда. Қан майдан, сұрапыл соғыс жылдарында «Отан үшін отқа түс, күймейсің» - деген ұранмен шайқасқан, бүгінгі күні санаулы қалған ардагерлеріміздің ерліктеріне бас иіп, құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың өтелмес парызы. Сондықтан, осынау ерлікке толы мейрам тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала береді.
Біз әрдайым бүгінгі бейбіт күнге жеткізген, Отан үшін от кешкен миллиондаған асыл азаматтардың рухына тағзым етіп, тылда тынбай еңбек еткен ардагерлердің алдында басымызды иеміз.
Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында біз Отан соғысының оқ бораған даласында қаза тапқандардың рухтарына бас иіп, тағзым етеміз.
Қымбатты да қадірлі ардагерлер! Осындай Ұлы мереке – Ұлы Жеңіс күнімен құттықтай отыра, Сіздерге зор денсаулық, отбасылық бақыт, ұзақ ғұмыр тілейміз, арайлап атқан әр таң бақыт пен қуаныш әкелсін.
Қазақстанымыздың аспаны ашық болсын!
Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!
Құрметпен, Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы