
7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай және Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында Целиноград ауданында аудан әкімі Дарын Сабырғалиұлының қатысуымен әскери-патриоттық іс-шара — дәстүрлі саптық ән мен сап түзеу «Жас Ұлан» байқауы өтті.
Іс-шараның басты мақсаты — жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді, азаматтық жауапкершілікті, жоғары адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру, әскери қызметке деген құрмет пен тарихи жауынгерлік ерліктерге тағзым етуге тәрбиелеу.
Байқауға ауданның әр елді мекенінен келген 11 әскери-патриоттық клубы қатысты: «Қаһарман» (Ақмол ауылы), «Жас Бүркіт» (Нұресіл ауылы), «Патриот» (Рахымжан Қошқарбаев ауылы), «Абырой» (Қызылжар ауылы), «Арлан» (Арайлы ауылы), «Жас Мерген» (Қажымұқан ауылы), «Сарбаздар» (Талапкер ауылы), «Арлан» (Ыбырай Алтынсарин ауылы), «Жігер» (Тасты ауылы), «Барыс» (Қоянды ауылы), «Айбын» (Қабанбай батыр ауылы).
Қазылар алқасының құрамына күш құрылымдары мен ведомстволардың өкілдері кірді: подполковник Азамат Қосман — Ақмола облысы Целиноград, Қорғалжын аудандарының және Қосшы қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімнің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Сәбит Кенжебек — Целиноград ауданының төтенше жағдайлар бөлімі бастығы, полиция майоры Әділ Қажығалиев — Ақмола облысы ПД арнайы дайындық бөлімінің аға инспекторы.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Бірінші кезең — сап түзеу және патриоттық ән байқауы. Қазылар алқасы саптық дайындықты, бұйрықтарды үйлесімді орындауды, киім үлгісі мен белгі-нышандардың дұрыстығын, ән орындау сапасын бағалады. Барлық командалар жоғары деңгейде дайындық пен тәртіп көрсетті.
Келесі кезең — АК-74 автоматын шашып-жинау. Бұл кезеңде қатысушылардан шапшаңдық, дәлдік және техникалық сауаттылық талап етілді. Жас сарбаздар әскери дайындықтың маңызды элементін лайықты деңгейде орындап шықты.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды:
I орын — «Қаһарман» әскери-патриоттық клубы (Ақмол ауылы),
II орын — «Жігер» клубы (Тасты ауылы),
III орын — «Айбын» клубы (Қабанбай батыр ауылы).
Барлық қатысушылар естелік сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, қатысушыларды дайындаған клуб жетекшілерінің еңбегі де ерекше атап өтілді.
«Жас Ұлан» байқауы жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық борышты сезіндіретін маңызды іс-шара ретінде есте қалды. Мұндай тәрбиелік мәні зор бастамалар ел болашағын ойлайтын, патриот жастарды қалыптастыруға үлкен үлес қосады. Бұл күн — жас патриоттардың жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілікті оятқан ерекше күн болып қала бермек.