Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Целиноград ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңес өткізді. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, мердігер ұйымдар, мәслихат депутаттары мен аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелері қатысты.
Жиынды аша отырып, өңір басшысы елордаға іргелес орналасқан Целиноград ауданының стратегиялық маңызын атап өтті.
«Ауданда агроөнеркәсіптік кешен белсенді дамып келеді, ірі ауыл шаруашылығы өндірушілері жұмыс істейді. Мұның бәрі басқаруда икемді және ілгері қадамдарды қажет етеді», – деді Марат Ахметжанов.
Ол ауданның дамуының негізгі тетіктерінің бірі – инвестиция тарту екенін баса айтты.
«Инвестиция – экономикалық өсімнің, жұмыс орындарын құрудың және инфрақұрылымды дамытудың негізі. Біз бизнестің бастамасын күтіп отырмауымыз керек. Олардың пайда болуына жағдай жасап, жобаларды барлық кезеңде сүйемелдеуіміз, туындайтын мәселелерді жедел шешуіміз қажет. Бүгінде мемлекет бюрократиялық рәсімдерді қысқартуды қамтамасыз етті», – деді облыс әкімі.
2025 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша баяндама жасаған экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгурмакова негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамиканы атап өтті. Дегенмен кейбір салаларда өндірістің төмендегенін айтты. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінде – кірпіш өндірісі, ауыл шаруашылығында – жұмыртқа өндіру көлемі азайған. Бұл бағыттағы нақты көлем индексі небәрі 7,5%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі артқанына қарамастан, жеке инвестициялар көлемі төмендеген. Сонымен қатар ауданның кіріс көздері бойынша резервтері бар, заңды тұлғаларды салықтық есепке қою жұмысы жүргізілуде.
Ауданға инвестиция тарту мәселесі бойынша салалық басқарма басшысы Бақытжан Сапар, агроөнеркәсіптік сектордағы негізгі көрсеткіштердің орындалуы туралы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадыраков баяндама жасады. Аудан әкімі Дарын Сабырғали өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарына тоқталды.
Кеңес қорытындысында облыс әкімі қоғам белсенділеріне заңсыз жер қойнауын пайдалануға қарсы күресте көрсеткен қолдауы мен азаматтық ұстанымдары үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар аудан әкімдігіне әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың пайдалануға берілуін жеделдетуді, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандыруды, инвестиция тарту бойынша шараларды күшейтуді және нақты салынған қаражат көлемін дәл есепке алуды тапсырды.
«Әлеуметтік-экономикалық даму – бұл бір сәттік нәтиже емес, бұл – үнемі жалғасып отыратын процесс. Ол барлық басқару деңгейлерінің үйлесімді жұмысы мен жоғары жауапкершілігін, нақты нәтижеге бағытталған ұстанымды талап етеді. Алдымызда Астананың агломерациясын дамыту жөніндегі Кешенді жоспарды іске асыру міндеті тұр. Бұл – экономикалық өсімді жеделдетуге, жаңа инвестиция тартуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға зор мүмкіндік. Аталған шаралардың тиімді жүзеге асуы – ауданның болашағы үшін аса маңызды, – деп түйіндеді Марат Ахметжанов.