Ақмола облысы әкімі Целиноград ауданында азаматтарды жеке қабылдау өткізді

Ақмола облысы әкімі Целиноград ауданында азаматтарды жеке қабылдау өткізді

Целиноград ауданында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов тұрғындарды жеке қабылдады. Қабылдауға 50-ден астам адам жазылып, 30-ға жуық мәселе көтерілді. Өтініштердің басым бөлігі әлеуметтік сипатта болды. Атап айтқанда, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, Қоянды мен Талапкер ауылдарының инфрақұрылымын дамыту сынды өзекті сұрақтар қозғалды.

Кездесу барысында Марат Ахметжанов Қоянды ауылында қоқыс өңдеу орталығын салу мәселесіне тоқталып, инвестор ұсынған жобаны барлық тиісті ведомстволар мен ұйымдардың қатысуымен мұқият қарастыруды тапсырды.

Тағы бір маңызды мәселе – аудандық емхана ұжымындағы жағдай болды. Бұл мәселеге байланысты облыс әкімі жан-жақты тексеру жүргізуді жүктеді.

Сондай-ақ өңір басшысы Астаналық агломерацияны дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында салынатын мемлекеттік иттерге арналған орын туралы да ақпарат берді. Аталған нысан бұралқы иттердің мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Қабылдау кезінде азаматтарға құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша жан-жақты түсініктемелер берілді. Көтерілген әрбір өтініш бойынша жауапты мемлекеттік органдардың басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Терең талдауды қажет ететін сұрақтар облыс әкімінің жеке бақылауына алынды.

«Темірдей тәртіпті тек билік өкілдерінде ғана емес, халықтың өзі де ұстануы керек», – деп түйіндеді Марат Ахметжанов.