2025 жыл – еліміз үшін ерекше тарихи кезең. Бұл жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы кең көлемде аталып өтуде. Азаматтық қоғамның маңызды институттарының бірі болып саналатын Ассамблея ұлттық бірлік пен этносаралық келісімнің нышанына айналды. Бүгінде де, отыз жыл бұрынғыдай, Ассамблея ел ішіндегі сенім мен өзара түсіністікті нығайту миссиясын абыроймен атқаруда.
Осы айтулы датаға орай Целиноград ауданының ішкі саясат бөлімі мен аудандық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Кабанбай батыр ауылында «Бір шаңырақ астында» атты фестиваль өтті. Іс-шара халықтар достығы мен мәдени алуан түрлілікті дәріптеген тағылымды мерекеге айналды.
Фестивальге Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Қуаныш Шақшақов, Ақмола облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Айнұр Жахина, аудандық Аналар кеңесінің мүшелері, ауылдық округтердің әкімдері, мекеме басшылары, аудан тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Мерекелік бағдарлама барысында қазақ, орыс, күрд, неміс, өзбек, тәжік, ұйғыр, шешен, кәріс, украин, молдаван және татар этностарының ұлттық дәстүрлері таныстырылды. Целиноград ауданының ауылдық Аналар кеңесінің мүшелері салт-дәстүрлерді, тұрмыстық заттар мен ұлттық киім үлгілерін, сондай-ақ әр ұлттың тағамдарын ұсынды. Бұл көрсетілім қонақтар мен көрермендердің ерекше қызығушылығы мен жылы лебізіне ие болды.
Фестиваль барысында аналардың қоғам мен отбасыдағы тәрбиелік рөліне, этносаралық келісімді және ұлттық бірлікті нығайтудағы үлесіне айрықша назар аударылды. Іс-шара соңында белсенді қатысушылар төсбелгілермен, Алғыс хаттармен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Айта кетсек, Целиноград ауданының Аналар кеңесі – өңірдегі ең белсенді әрі бастамашыл кеңестердің бірі болып саналады. Кеңес этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты және рухани-адамгершілік тәрбиені жүзеге асыруға зор үлес қосып келеді.
«Бір шаңырақ астында» фестивалінің өткізілуі Қазақстан халқы Ассамблеясының идеялары бүгінде де өзектілігін жоймағанын, қоғамдағы бейбітшілік, келісім және өзара сыйластықты нығайтуға қызмет етіп отырғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.