Армения Республикасының Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян «АЛЖИР» мемориалдық-мұражай кешенінде болды

Армения Республикасының Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян «АЛЖИР» мемориалдық-мұражай кешенінде болды

27 наурызда «АЛЖИР» мемориалдық-музей кешеніне Армения Республикасының Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян бастаған делегация келді.

Сапар барысында Арменияның сыртқы істер министрі XX ғасырдың 30–50-жылдарында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған жандарды еске алу үшін қойылған армян хачкарына гүл шоқтарын қойды. Бұл хачкар – саяси репрессия құрбандарына, соның ішінде 80-ге жуық армениялық әйелге көрсетілген құрметтің символы. Өкінішке орай, олардың кейбірі лагерьден бостандыққа жете алмады, «АЛЖИР»-дің мыңдаған тұтқынының ауыр тағдырын бөлісті.

Құрметті қонақтарға музей залдары бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Олар «Алаш» және «АЛЖИР» экспозицияларымен танысып, тұтқындардың тағдыры, өмір сүру жағдайлары және олардың қайсарлығы туралы мағлұмат алды. Сапар соңында Арарат Мирзоянға «Ұрпақтар ұмытпайды» атты кітап сыйға тартылды. Бұл жинақ «АЛЖИР» тұтқындары мен олардың ұрпақтарының естеліктерінен құралған және музейдің 10 жылдығы мен жаппай саяси қуғын-сүргіннің басталғанына 80 жыл толуына орай жарық көрген.

Мемориалдық кешенге жасалған бұл сапар тарихи жадыны сақтау және Қазақстан мен Армения арасындағы гуманитарлық байланысты нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Ол халықтар арасындағы диалогтың маңыздылығын және тарихтың қайғылы беттері ешқашан қайталанбауы үшін бірлескен күш-жігердің қажеттілігін айқындады.