Целиноград ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерік Жиенбеков «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылу барысымен танысты
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Целиноград ауданында 7 мектептің құрылысы жүргізілуде.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасына сәйкес Целиноград ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерік Жиенбеков жауапты органдардың басшыларымен бірлесіп құрылыс учаскелеріне барды.
Целиноград ауданында халықтың жыл сайынғы өсімін ескере отырып, жайлы мектептер салу өте өзекті мәселе болып табылады. Ақмол, Қаражар, Қараөткел, Қабанбай батыр және Талапкер (2 мектеп) ауылдарында 1200 орындық 6 мектеп салынуда, Қоянды ауылында 2000 орындық құрылыс жүргізілуде. Аталған мектептерді ағымдағы жылы пайдалануға беру жоспарлануда.
«Жайлы мектеп» жобасы мектептерді бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар, трансформер-мобильді парталар, трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, балаларға арналған жеке шкафтар, оқу-зертханалық құрылғылар, жоғары жылдамдықты интернетпен жарақтандыруды көздейді. Сонымен қатар, компьютермен жабдықталған физика, химия, биология дәрісханалары мен оқу зертханалары, робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар болады.
«Жайлы мектепте» қауіпсіздік мәселесі де басты назарда. Оқушылар мен педагогтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғимараттар бейнебақылауға алынып, дыбыстық хабарлау жүйесі орнатылады. Ал, террористік қауіптің алдын алу үшін есіктер мен блоктарды бұғаттау функциясы да ойластырылған.
Оқушылар салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен шұғылдану үшін бастауыш сынып оқушылары мен жоғары сынып оқушыларына арналған спорт залдар, түрлі алаңдар жабдықталады. Әр мектептің жеке кітап қоймасы, оқу залы, электронды кітапханасы мен ғимараттың әр қабатына коворкинг аймағы болады.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру операторы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ болып табылады. Мердігерлік ұйымдар «Қазстройподряд» ЖШС, «УК Строй» ЖШС, «BI Global» ЖШС және «КГС Сауда» ЖШС болып табылады.
Целиноград ауданы бойынша білім бөлімі кадрлар мен оқушылар контингентін іріктеу процесін жүргізуде.
Айта кету керек, республика бойынша 2024-2025 жылдары 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті қолданысқа беру көзделген. Оның ішінде 208 нысан «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысы бойынша, тоғыз мектеп – мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде, бір мектеп – дайын нысанды сатып алу арқылы салынады. Олардың құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылуда. Бұл ретте 163 мектеп ауылдық жерлерде салынады.