
Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мемлекетіміздің әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі.
ҚР Конституциясының 27 – бабына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады, балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата-ананың етене құқығы әрі міндеті.
Алимент қатынастары «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Заңымен реттеледі.
ҚР Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы заңнамасы негізделетін қағидаттардың бірі кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін басым қорғау болып табылады.
Ата-аналар кәмелетке толмаған балаларды, сондай-ақ 21 жасқа дейін күндізгі бөлімде білім алатын немесе еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды асырауға міндетті.
Бұдан басқа, ата-аналар кәмелетке толған еңбекке жарамсыз балаларды ауыр сырқаттанған, мертіккен немесе оларға күтім жасау үшін ақы төлеу қажет болған жағдайда оларды күтіп-бағуға арналған қосымша шығыстарға қатысуға тиіс.
Алимент төлеудің екі тәсілі бар:
1. ерікті, келісім бойынша. Нотариатта куәландырылған келісімде алименттің мөлшерін тараптар айқындайды және алимент өндіріп алу кезінде сот тәртібімен алынуы мүмкін алимент мөлшерінен төмен болмауға тиіс;
2. мәжбүрлі – сот арқылы.
Алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алиментті ай сайын мынадай мөлшерде: бір балаға - ата-анасы табысының және (немесе) өзге де кірісінің - төрттен бір бөлігін; екі балаға - үштен бір бөлігін; үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алады.
Кәмелетке толмаған балаларға алименттерді өндіріп алу туралы талап қоюға құқылы адамдар болып мыналар: бала бірге тұратын ата-анасының бірі, баланың қорғаншысы (қамқоршысы), патронат тәрбиеші, баланы қабылдайтын ата-аналар, жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар ұйымдарының басшылары, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган, егер бір адам бала асырып алуды баланың екінші ата-анасымен жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтары мен міндеттерін сақтай отырып жүргізсе, бала асырап алушы танылуы мүмкін.
Кәмелетке толмаған балаларын асырауға алимент төлеуден жалтарған борышкерлерге қатысты алимент өндіріп алу туралы атқару құжатының талаптарын мәжбүрлеп орындауға бағытталған ең қатаң ықпал ету шаралары қабылданады.
Сот актісін орындаудан саналы түрде жалтарған жағдайда борышкер әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік туындайтынын түсінуі қажет.
Сот шешімін орындаудан жалтару – бұл жалпы құқықтық жүйеге қарсы қылмыс.