Сайлаудың аралас дауыс беру жүйесінде өтуі бұл жолғы саяси науқанның басты екрекшелігі болмақ. Сарапшылардың бұл тұрғыдағы пікірін ҚазАқпараттың төмендегі талдауынан оқи аласыздар.
Аралас сайлау жүйесі елде көппартиялы саяси ортаның дамуына ықпал етеді
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымовтың пайымынша, аралас сайлау жүйесі бар елдер үкімет жасақтау ісінде тұрақтылығымен ерекшеленеді.
Спикердің сөзінше, аралас сайлау жүйесі – әлем елдерінде жиі кездесетін тәжірибе. Бүгінде ол Жапония, Германия, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея, Италия, Мексика және басқа да елдерде қолданылады. Бізге жақын Ресейде, Қырғызстанда және Грузия мен Литвада осындай жүйе бар.
Оның пікірінше, аралас сайлау жүйесі заң шығарушы органдарда әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіру мүмкіндігін кеңейтеді. Сондай-ақ, мұндай жүйе көппартиялы саяси ортаның қанат жаюына жағдай туғызады.
«Аралас жүйе таза пропорционалды жүйеге қарағанда депутатты кері қайтарып алу арқылы жауапкершілікті күшейтеді. Өз кандидатын кері қайтарып алу мүмкіндігі Германияның кейбір аймақтарында және Венесуэлада кездеседі. Бұл механизм сайлаушыларға өздерінің депутаттарының қызметін бақылауға мүмкіндік береді және сол арқылы қызметтің сапасын арттырады», - дейді Еркін Тұқымов.
Сонымен қатар, ол аралас жүйе дауыстардың шамадан тыс бөлінуін болдырмайтынын баса айтты.
Бұл сайлаудың мәслихаттар үшін орны бөлек болады
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалинаның пайымдауынша, бір мандатты сайлау округтерінде сынға түсетін кандидаттар арасында бәсеке өте жоғары болады.
«Бір мандатты округтер бойынша барлығы 609 кандидат ұсынылды. Олардың бәрімен жеке-жеке жұмыс істеу мүмкін емес, яғни бұл жерде кандидаттардың өз еркінде. Заң шеңберінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Партиялардың тізімінде азырақ – 283. Сондықтан, бір мандатты аумақтық округтің ішінде мықты бәсекелестік, қызу тартыс болады. Әсіресе, Астана, Алматы қалалары мен Ақтөбе, Атырау, Алматы облыстарында өзін-өзі ұсынған кандидаттардың саны өте көп. Сондықтан, бір мандатты аумақтық округтің ішінде қызу тартыс болады, әркім өз бағдарламасын ұсынғандықтан бәсеке де күшейеді», - дейді сарапшы.
Сондай-ақ, ол алдағы сайлау жергілікті мәслихаттардың жұмысына үлкен өзгеріс әкелетініне сеніп отыр.
«Себебі, ауданға өткен депутат өзінің жұмысын толыққанды атқара алмаса, сайлаушылар өздерінің шағымдарын бере отырып, депутат мандатын кері қайтара алады. Облыста да солай. Бұл – өте тиімді механизм, қоғам тарапынан бақылау механизмі», - деп атап өтті ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина.
Мәжілісте өңірлердің «үні» айқынырақ шыға бастайды
ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Жанар Санхаева биылғы сайлаудың қорытындысы бойынша Мәжілісте бір мандатты жүйе арқылы іріктелген депутаттар болатынын ерекшелік ретінде атап отыр.
«Аралас сайлау жүйесінің басты артықшылығы – біріншіден, әрбір азаматтың сайлауға қатысу мүмкіндігіне ие болуы. Демек, әрқайсымыз тәуелсіз кандидат ретінде өз кандидатурамызды ұсына аламыз. Үміткерлер партияға қарамастан, өзінің саяси көзқарасын білдіре алады. Бұрын кейбір заңнамалық идеяларды ілгерілету үшін партия мүшесі болуымыз керек болса, енді оны партияға қарамастан, дербес жүзеге асыруға болады», - деді ол.
Сондай-ақ, сарапшы Мәжіліске партиялық өкілдіктен бөлек, аймақтық өкілдіктер келетінін еске салды.
«Бір мандатты сайлау округтері аймақтық болып бөлінеді. Мысалы, Алматы, Түркістан облысының аудандары бар, аудан санына қарай бірнеше депутат сайланады. Мұндай сәттер өте маңызды және партияларға қарамастан өз құндылығын көрсетуге, қандай да бір саяси институттарға қарамастан өз облысын, қаласын немесе аймағын ұсынуға мүмкіндік береді», - дейді Жанар Санхаева.
Сайлауда жаңа партиялар мен өзін-өзі ұсынушылардың болуы бәсекені арттырады
Саясаттанушы Эдуард Полетаевтың ойынша, бұл жолғы сайлауға жаңа партиялар мен өзін-өзі ұсынушылардың қатысуы бәсекені арттырмақ.
«Бәсеке өте күшті. Бізде аралас жүйе болды, бірақ ол соңғы рет 2004 жылғы Мәжіліс сайлауы кезінде жұмыс істеді. Қазір жүйе талапқа бейімделіп жатыр. Парламентке ұсынылған партиялардың қайта оралу мүмкіндігі бірдей деп ойлаймын. Оның үстіне, саяси партиялардың сайлаудан өтуінің пайыздық шегі 7-ден 5 пайызға дейін төмендеді. Бірақ, саяси бәсеке саясатта жаңа адамдардың пайда болуы үшін ғана емес, жаңа идеялар үшін де қажет. Жаңа идеялар көп болса екен», - деді саясаттанушы.
Жаңа құрам – жаңа идеялар
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Әсел Әбен алдағы сайлау елдегі жүйені жаңартып, елді дамытудың жаңа идеяларын ортаға шығаратынына сенімді.
«Алдағы парламенттік сайлау біз үшін өте маңызды, өйткені бұл – Қазақстанның саяси жүйесінде жүргізілген реформаларға байланысты жасап жатқан жаңа қадам. Халық бұл сайлаудан көп нәрсе күтеді. Саяси партиялардың бағдарламасының қалай жаңарып, бәсекелестіктің күшейіп жатқанын көріп отырмыз. Сайлау аралас сайлау жүйесі бойынша өтеді, бір мандатты депутаттар белсенді. Жалпы, сайлау жүйемізді жаңартып, еліміздің дамуы үшін жаңа идеяларды ұсынуы керек деп ойлаймын», - деді ол.
Ол сайлауда саяси партиялар ғана емес, бір мандатты депутаттар да белсендірек болады деп есептейді.
«Өз идеялары мен даму бағдарламаларын ілгерілететін жалғыз мүшелерді қадағалау өте қызықты болады. Бұл жерде бәсеке күшті болады», - дейді маман.
Еске салайық, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау бір күнде – 19 наурызда өтеді.