ҚР ЦДИАӨМ: Біз ашық цифрлы қоғам құруға асықпыз

ҚР ЦДИАӨМ: Біз ашық цифрлы қоғам құруға асықпыз

Нұр-Сұлтанда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ұйымдастыруымен «Цифрлы Қазақстанға бетбұрыс» халықаралық форумы өтті.

Форумның мақсаты – интернетке кеңжолақты қолжетімділікті арттыру жөніндегі ұлттық жоспарды іске асыру шеңберінде Үкімет, байланыс операторлары және вендорлар арасындағы диалогты күшейту.

Іс-шара барысында «Қазақстандағы КЖҚ желілерін дамыту» тәуелсіз зерттеу жобасы ұсынылды, онда ақпараттық технологияларды күшейту амалы мен оның саясаты, сондай-ақ үздік халықаралық тәжірибеге негізделген рекомендациялар болады.

Форумның спикерлері – ҚР ЦДИАӨМ вице-министрі Асхат Оразбек, ТМД бойынша Халықаралық электр байланысы одағының өңірлік директоры Наталья Мочу, ТМД-дағы IDC вице-президенті Андрей Беклемишев, NITEC Басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин. Сонымен қатар, жиында ақпараттық технологиялар саласының басқа да мамандарына сөз берілді. 

Сарапшылар инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану тұжырымдамасын нормативті жолмен бекіту керегін және әмбебап көрсетілетін қызметтерді субсидиялау жүйесін қайта жаңғырту маңызды екенін баса айтты. Ұлттық операторды ішінара немесе толық жекешелендіру арқылы КЖҚ нарығындағы бәсекелестікті арттыру туралы мәселе де көтерілді.

«Кейінгі жылы министрлік байланыс операторларымен бірлесіп, «250+» бағдарламасы бойынша елді мекендерді байланыспен қамтамасыз ету үшін біраз шаруаның басын қайырды, енді байланыс спутниктері арқылы олардың қамту аймағын кеңейтіп, сапасын жақсартқымыз келеді. Сонымен қатар, заңды жетілдіру бойынша нақты жұмыс атқарылды. Мәселен, байланыс операторлары электр бағаналарын пайдаланып, желілер салып жатыр. Бұл арқылы шалғай елді мекендерге интернет жеткізу процесі едәуір жылдам болады. Одан бөлек салыққа қатысты жеңілдіктерді де қарастырдық. Енді операторлар қаражатты салық төлеуге емес, желіні дамытуға жұмсайтын болады», – деп атап өтті вице-министр Асхат Оразбек.

ТМД бойынша Халықаралық электр байланысы одағының өңірлік директоры Наталья Мочудың сөзінше, 2030 жылға қарай жалпыға бірдей қолжетімді интернетті қамтамасыз ету үшін АКТ саласы үш негізгі міндетті орындауы тиіс: байланысты орнатудағы алшақтықты және пайдаланудағы алшақтықты жою, сондай-ақ толыққанды қосылуды қамтамасыз ету.

«ТМД өңірі байланыс сапасы мен оны қамту бойынша алға жылжып келеді, алайда қала мен ауыл арасындағы цифрлы алшақтық әлі де барү Бұл ретте гендерлі цифрлы алшақтық ең төменгі деңгейде сақталып тұр. Сонымен қатар, егде жастағы адамдар арасында интернет пайдаланушыларының саны біртіндеп артып келеді», – деді Наталья Мочу.

 Қазақстан бойынша МӘС деректеріне шолу жасау арқылы нарықтың дамығанын, оның өсім деңгейін көруге болады. Дегенмен, инфрақұрылымды ары қарай дамыту үшін инвестиция керек, сондай-ақ реттеуші саясат пен халық арасында цифрлы дағдыларды дамыту бойынша қосымша шаралар сұралып тұр.

Спикерлер атап өткендей, Қазақстандағы АКТ саласы қызметкерлерінің және кеңжолақты байланыс операторларының алдында Қазақстан халқын сапалы интернетпен қамтамасыз ету бойынша ауқымды міндеттер тұр. Қазіргі кезеңде осы тапсырманы орындау үшін қолда бар және талап етілетін ресурстарды қарастыру қажет. Жалпы жағдайды мынадай тұрғыдан зерделеуге болады: реттеушілер-операторлар-тұтынушылар. Алда бесінші буын (5G) желісін толық орнатып, халықты жылдам интернетпен қамтамасыз ету мәселесі тұр.