ХҚО-лар клиенттерді Ashyq қосымшасымен қабылдайды

ХҚО-лар клиенттерді Ashyq қосымшасымен қабылдайды

Бүгінде Ashyq қосымшасы арқылы кәсіпкерлік, мәдениет және спорт нысандары жұмыс істеп жатыр. Енді Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің (2021 жылғы 11 маусымдағы № 27) қаулысына сәйкес, еліміздің барлық қаласындағы ХҚО-лар да клиенттерді Ashyq сервисі арқылы қабылдайтын болады. Теріс немесе бейтарап мәртебесі бар азаматтар мемлекеттік қызметтерді кезекті брондамай-ақ ала алады.

 

«Бұл заманауи сервис негізінде ХҚО-лар клиенттерді көбірек қабылдап қана қоймай, сонымен қатар қызметкерлер мен келушілердің аман-саулығын қамтамасыз ете алады. Бұл ретте кезекке алдын ала брондау мүмкіндігі бұрынғыша қалады. Оның артықшылығы – сіз белгіленген уақытта оператордың қабылдауына бірден өте аласыз», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» басқарма төрағасы Әділ Қожықов.

 

Егер азаматтардың смартфонында Ashyq қосымшасы болмаса, олар таяуда ғана Ashyq функционалы енгізілген eGov mobile, Kaspi.kz және Halyk Homebank қосымшаларын пайдалана алады. Тіпті аталған қосымшалар болмаған жағдайда, азаматтардың мәртебесін ХҚО қызметкері ұсынған ЖСН бойынша анықтай алатын болады.

 

«ХҚО-ға келушілер санының артатынын түсінеміз. Сондықтан баршаңызды санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтауларыңызды сұраймын. Міндетті түрде бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтап, санитайзерлерді қолдануды ұмытпаңыз», – деп қосып өтті Ә.Қожықов.

Қалалардың әрбір фронт-офисінің  кіреберісінде сканерлеу үшін арнайы дербес QR код ілінген. Мәртебені нақтылау барысында «Сары» не «Қызыл» статусы бар азаматтар анықталған жағдайда, олар ғимаратқа кіргізілмейді.