Қариялар — қазыналы бәйтерек: Целиноград ауданында Халықаралық қарттар күні аталып өтті

Қариялар — қазыналы бәйтерек: Целиноград ауданында Халықаралық қарттар күні аталып өтті

Аға ұрпақ өкілдеріне құрмет көрсету, олардың еселі еңбегін бағалау және қоғамдағы маңызды рөлін дәріптеу — басты парызымыз. Осы орайда Целиноград ауданында Халықаралық қарттар күніне орайластырылған жүрекжалды мерекелік кездесу өтті.

Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Дарын Сабырғали ардагерлер мен аға буын өкілдерін төл мерекелерімен шын жүректен құттықтап, олардың туған өлкенің өсіп-өркендеуіне қосқан айрықша үлесі үшін ризашылығын білдірді.

«Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен қажырлы еңбектеріңіз — ауданымыздың шежіресі, жас ұрпақ үшін өлшеусіз өнеге мектебі. Ардагерлерді ардақтап, қолдау көрсету және әлеуметтік жағдайын жақсарту — біздің әрдайым басты назарымыздағы міндет», — деді аудан басшысы.

Мерекелік кеште ауданның өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, жүрекке жылы тиетін әсем әндер мен күйлерді орындады. Шара барысында жайылған мерекелік дастархан басында қариялар жастық шақтары мен еңбек жолдары туралы естеліктерімен бөлісіп, бір-біріне емен-жарқын пікір алмасып, ізгі тілектерін жолдады. Кездесу соңында Дарын Сабырғали барша қатысушыларға мықты денсаулық, шаңырақтарына шаттық, бақ-береке және ұзақ ғұмыр тіледі.

Мұндай шаралар тек бір күндік мереке емес, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін сабақтастықтың жарқын үлгісі. Ардагерлердің көтеріңкі көңіл-күйі мен шынайы ризашылығы ұйымдастырушылар үшін ең үлкен марапат болып табылады. Мерекелік кездесу соңында аға буын өкілдері көрсетілген қамқорлық пен ықылас үшін аудан басшылығына алғыстарын жеткізді.