
Соңғы уақытта WhatsApp мессенджеріндегі аккаунттарды ұрлау жағдайлары жиілеп кетті. Алаяқтардың қолына SMS арқылы келген бір ғана растау коды түссе, олар сіздің жеке хат-хабарларыңыз бен деректеріңізге қол жеткізуі мүмкін.
Алаяқтар аккаунтқа қалай қол жеткізеді?
Түрлі сылтаумен SMS арқылы келген растау кодын сұрайды. Фишингтік сілтемелер жібереді. Өзін таныстарыңыз немесе техникалық қолдау қызметінің мамандары ретінде таныстырады. «Нөмірді растауды» шұғыл түрде талап етеді.
Қазірден бастап өзіңізді қалай қорғауға болады?
Екі сатылы тексеруді қосыңыз:
Баптаулар → Аккаунт → Екі сатылы тексеру бөліміне өтіп, сенімді PIN-код орнатыңыз және қалпына келтіру үшін электрондық поштаңызды байланыстырыңыз.
«Баптаулар → Байланыстырылған құрылғылар» бөлімін үнемі тексеріп отырыңыз. Бейтаныс құрылғы немесе сеанс анықталса, оны бірден ажыратыңыз.
Ең басты ереже: SMS арқылы келген кодты, WhatsApp PIN-кодын және аккаунтқа кіру деректерін ешкімге бермеңіз.
Аккаунт бұзылып кетсе не істеу керек?
WhatsApp-та нөміріңізді қайта тіркеп, SMS арқылы келген растау кодын енгізіңіз.
«Байланыстырылған құрылғылар» бөлімін тексеріп, бейтаныс сеанстардың барлығын аяқтаңыз.
Аккаунтыңыздың бұзылғаны туралы жақындарыңыз бен әріптестеріңізге дереу ескертіңіз. Олар алаяқтар жіберген сілтемелерге өтпеуі және ақша аудармауы керек.