ҚАЖЫМҰҚАН АУЫЛЫНДА ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ОШАҒЫ АШЫЛДЫ!

ҚАЖЫМҰҚАН АУЫЛЫНДА ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ОШАҒЫ АШЫЛДЫ!

Целиноград ауданының Қажымұқан ауылында жаңа ауылдық Мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл айтулы оқиға Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және даңқты қазақ батыры, әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Салтанатты шараға Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы қатысып, ауыл тұрғындарын көптен күткен қуанышты жаңалықпен құттықтады. Ол өз сөзінде ауылдық жерлердегі мәдени инфрақұрылымды дамыту тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.

«Мәдениет үйінің ашылуы - жаңа нысанның пайдалануға берілуі ғана емес. Бұл - шығармашылыққа жол ашатын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, жастардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін рухани ортаның қалыптасуы», – деді аудан әкімі.

Ауыл тұрғындары мәдениет ошағын ашу мәселесін бірнеше жылдан бері көтеріп келген болатын. Осыған байланысты аудан әкімінің тапсырмасымен тиісті қаржы қарастырылып, қолайлы ғимарат сатып алынып, мәдениет нысаны ретінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ауыл халқы жаңа мәдени және қоғамдық өмірдің орталығына ие болды.

Жаңа Мәдениет үйі мерекелік іс-шаралар, концерттер, шығармашылық кештер, мәдениет және қоғам қайраткерлерімен кездесулер өткізетін маңызды алаңға айналады. Мұнда барлық жас санатындағы тұрғындарға арналған ән айту, домбыра үйірмелері, шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ секциялары, сондай-ақ басқа да шығармашылық және зияткерлік бағыттағы үйірмелер жұмыс істейтін болады.

Мәдениет үйінің ашылуы әсіресе балалар мен жастар үшін үлкен мүмкіндік. Енді олар өз қабілеттерін дамытып, мәдени шараларға белсенді қатысып, бос уақыттарын тиімді әрі мазмұнды өткізе алады.

Жаңа мәдениет нысанының Қажымұқан ауылында ашылуының өзіндік мәні бар. Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімі - қазақ халқының қайсарлығы мен күш-қуатының, елге деген адалдығының символы. Оның өмір жолы мен өнегелі мұрасы бүгінгі ұрпаққа рух беріп, отансүйгіштікке тәрбиелейді.

Мәдениет үйінің ашылуы Целиноград ауданындағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жолындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесін көрсетеді.

Қажымұқанның есімі - ел тарихында, ал оның ерлігі мен өнегесі - ұрпақ жадында мәңгі сақталады!