
Қазақстан Премьер-лигасының 25-турындағы матч басталар алдында Көкшетау қаласындағы Абылай хан алаңында «Оқжетпес» футбол клубы жаңа логотипін таныстырды. Сонымен қатар команда ойыншыларының жаңартылған спорттық киімі мен жанкүйерлерге арналған клубтық өнімдер көрсетілді.
Іс-шараға және матчты тамашалауға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Скотт Манн, Ақмола облыстық футбол қауымдастығының төрағасы, Көкшетау қаласының әкімі Ануар Құмпекеев, сондай-ақ «Оқжетпес» ФК қорының құрылтайшысы, «Агрофирма «Родина» ЖШС директоры Иван Сауэр қатысты.
Жаңа эмблеманың негізіне еркіндіктің, күш-қуаттың және алға ұмтылыстың символы – тұлпар бейнесі алынған. Оның жалында жебелер бейнеленген. Бұл клуб атауының мәнін ашады: «Оқжетпес» – тіпті жебе де жете алмайтын биіктік деген мағынаны білдіреді.
Шымкенттің «Ордабасы» командасына қарсы өткен матч «Оқжетпестің» 2:0 есебімен жеңісімен аяқталды. Ойыннан кейін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов командамен кездесті.
«Жеңістеріңізбен құттықтаймын! Жанкүйерлеріңізді осындай жеңістермен жиі қуантып жүріңіздер. Ребрендинг – бұл жай ғана логотиптің ауысуы емес, бұл клубтың жаңа бағыты – алға, жаңа жеңістерге ұмтылу. Жақын уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес УЕФА стандарттарына сай футбол стадионының құрылысы басталады. Онда сіздер жаттығуларды жайлы жағдайда өткізе аласыздар», – деп атап өтті облыс әкімі.
Айта кетейік, қазіргі уақытта «Оқжетпес» ФК Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде төртінші орында келеді.