Шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес аяқталды

Шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес аяқталды

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының аумағында үйірлі шегіртке зиянкестеріне қарсы қорғаныс іс-шаралары толық көлемде аяқталды. Химиялық өңдеу жұмыстары 1,8 млн га алқапта жүргізілді. Барлық жұмыс тиісті сапаны қамтамасыз ете отырып, оңтайлы мерзімдерде орындалды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістіктеріне зиян келтіру фактілері тіркелген жоқ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, өңдеу жұмыстарына 556 бірлік арнайы бүрку техникасы тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға артық. Зерттеп-тексеру іс-шараларына шамамен 3,5 мың адам қатысты, бұл фитосанитариялық мониторинг жүргізу мүмкіндіктерін едәуір күшейтті.

«Жоғары биологиялық тиімділігі бар пестицидтер қолданылды. Сонымен қатар шегірткеге қарсы іс-шараларға қатысты азаматтардың өтініштерін жедел қарау мақсатында арнайы call-орталық пен Telegram-бот жұмыс істеді. Өңірлерде барлық мүдделі қызметтің жұмысын үйлестірген жедел штабтар тұрақты негізде жұмыс атқарды. Шекара маңындағы аумақтардағы фитосанитариялық жағдай тұрақты. Үйірлі шегіртке зиянкестерінің көші-қону жағдайлары тіркелмеген», – деді спикер.

Сонымен қатар «Фитосанитария» РМК мен мердігер ұйымдардың барлық қолда бар техникасы Ресей Федерациясымен шекаралас аумақтарда шоғырландырылып, шегіртке зиянкестерінің биологиялық даму циклі толық аяқталғанға дейін қорғаныс іс-шараларын жүргізуге тұрақты дайындықта болады.

Мұндай дайындық фитосанитариялық жағдайдың көпжылдық даму серпініне және жағдай өзгерген жағдайда жедел әрекет ету қажеттілігіне байланысты қамтамасыз етіледі.