Мəскеуде «Кітап өнері» халықаралық байқауы аяқталды

Мəскеуде «Кітап өнері» халықаралық байқауы аяқталды

Ресей астанасы Мəскеуде ТМД мемлекеттері арасында XVII «Кітап өнері» халықаралық байқауы өтті.

Қазақстан жүлде бойынша Ресей мен Беларусь Республикасынан кейін 3-орын алды. Еліміздің «Тау-Қайнар», «Сардар» баспа үйі, «Лантер Трейд», Абай халықаралық қорының баспасы түрлі номинацияда жүлдеге ие болды.

«Тау-Қайнар» - қатысушылар арасында ең көп жүлдеге (7) ие болған баспахана.

«Сардар» баспасының «Мəдени диалог» номинациясында «Ұлы Дала елі» кітабы бірінші, «Білім және ғылым» номинациясында «Қазақ хандары» кітабы екінші 2-орын алды.

«Лантар Трейд» баспасының «Иллюстрация өнері» аталымында «Композиция-оқу құралы» кітабы үшінші орыннан көрінді.

Ал Абай халықаралық қорының баспасы шығарған «Абай Құнанбайұлы» кітап сериясы «Менің елім» номинациясында арнайы сыйлыққа ие болды.

Енді «Тау-Қайнар» баспасынан оқырманға жол тартқан кітаптарға тоқталсақ.

Бұл баспасында жарық көрген «Астананың архитекторы» кітабы Гран-при жеңіп алғанын айтқан едік. Кітап Нұр-Сұлтан қаласының негізін қалап, сайын далада көрікті, дамыған қаланың бой көтеруіне бастамашы болған Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі көрсетуге тырысқан. Жинақтың негізі ретінде Елорда құрылысы жайлы мақалалары мен үздік тіркестері алынған.

Серік Негимовтың «ТМД-да басылған» номинациясында топ жарған «Мəлік Ғабдуллин – Ұлы Даланың мақтанышы» кітабы даңқты батыр туралы сыр шертеді.

Сонымен қатар Б.Ізмұхамбетов пен А.Тасболатовтың «Жеңіс» номинациясында бірінші орын алған «Қазақстан соғыс жылдарында» кітабы екінші дүниежүзілік соғыстың 75 жылдығына арналады.

«Балалар мен жасөспірімдерге арналған кітап» номинациясында И.Акижанованың «Жібек жолының өсиет əңгімелері» кітабы да үздік шықты. Автор көп сурет арқылы оқырманға ертегілерді түсінікті жеткізуге тырысқан.

«Арт кітап» номинациясында 2-орын алған Арыстанбек Мұхамедиұлының «ҚР Ұлттық музейі» кітабы тарихи жəдігерлер мен еліміздің жетістіктерін жаңа қырынан көрсетуге тырысқан.

Ал «Менің елім» номинациясында үшінші болған Т.Барабанованың «Нұр-Сұлтан» кітабы Нұрсұлтан Назарбаевтың цитаталарынан тұрады.

«Достастық» номинациясында үшінші орын алған Жансейіт Түймебаевтың «Қазақстан – бейбітшілік пен келісім елі» кітабы Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығына орай жарық көріп отыр.