Ақмола облысында өңірдің үздік тауар өндірушілері анықталды

Ақмола облысында өңірдің үздік тауар өндірушілері анықталды

Көкшетау қаласында «Көкшетау» мәдениет сарайының алдындағы алаңда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқау-көрмесі өтті. Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары республикалық кезеңде Ақмола облысының намысын қорғайды. Іс-шара отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен өткізілді.

«Мемлекет басшысы бірнеше рет сапалы жұмыс орындарын құрудың, азаматтардың әл-ауқатын арттырудың және тұрақты экономиканы қалыптастырудың негізі қуатты бизнес екенін атап өтті. Сондықтан отандық өндірушілерді қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Ақмола облысының тауар өндірушілерінің өнімдері кеңінен танымал және дәстүрлі түрде жоғары сапасымен ерекшеленеді. Олар тұрақты сұранысқа ие әрі бәсекеге қабілетті. Әрбір шығарылған өнімнің артында инвестициялар, заманауи технологиялар, жаңа жұмыс орындары және өңірдің мыңдаған тұрғынының еңбегі тұр», – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов.

Өңірлік кезеңге Ақмола облысынан 90-ға жуық тауар өндіруші қатысып, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс индустриясы және басқа да салалардың өнімдерін ұсынды. Көрмеге келушілер өнім түрлерімен танысып, жергілікті өндірушілердің азық-түлік өнімдерін, тұрмыстық тауарлары мен басқа да бұйымдарын қолжетімді бағамен сатып алды.

«Біз 2023 жылдан бері форель өсірумен айналысамыз. Биыл алғаш рет «Қазақстанның үздік тауары» байқауына қатысып отырмыз. Акваферма жылына 45 тоннаға дейін балық өндіреді. Алдағы уақытта өндіріс көлемін жылына 100 тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Біздің форель жоғары сапасымен ерекшеленеді және тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие. Осындай көрмелерге қатысу жас кәсіпкерлерге өздерін танытып, өнімдерін көпшілікке көрсетуге мүмкіндік береді», – деді «Biosphere Fish» ЖШС-нің өндіріс жөніндегі директоры Евгений Ермишин.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында Көкшетау қаласының екі кәсіпорны – «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ мен «АВИКС ГРУП» ЖШС, сондай-ақ Степногорск қаласындағы «Степногорск құбыр зауыты «Арыстан» ЖШС жеңімпаз атанды.

«Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында Атбасар ауданындағы «Баха Sоhne» ЖШС, сондай-ақ Бурабай ауданындағы «Мясные продукты» ЖШС мен «Biosphere Fish» ЖШС жеңімпаз атанды.

«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясының лауреаттары болып Ақкөл ауданындағы «Пасека Львовых» ЖК, Қосшы қаласындағы «Алихан» ЖК және Көкшетау қаласындағы «Блэк» ЖШС танылды.