
30 маусым күні Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты жаңа Қазақстан Республикасы Конституциясының күшіне енуіне орайластырылған «Жаңа Конституция: орнықты дамудың институционалдық және құқықтық негізі» атты ғылыми-практикалық конференция өткізді.
Конференция жұмысына мемлекеттік органдар, Парламент, сот жүйесі, адвокатура, халықаралық ұйымдар, ғылыми және сарапшылық қоғамдастық өкілдері, сондай-ақ еліміздің және шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен сарапшылары қатысып, 150-ден астам адам куә болды.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова конференцияны ашып, 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетініне тоқталып өтті.
Эльвира Азимова өз сөзінде «Қазақстан халқының ерік білдіруімен еліміздің конституциялық дамуында жаңа кезеңнің негізі қаланды. Бұл құқықтық жүйені, мемлекеттік басқаруды және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдірудің стратегиялық бағдарларын айқындап берді.
Жаңа Конституцияның қолданысқа енгізілуімен Конституциялық Сот Ата Заңның үстемдігін қамтамасыз етіп, конституциялық құндылықтарды қорғауды одан әрі нығайтады. Бұл Қазақстанның тарихи әрі құқықтық дамуының жаңа кезеңінің бастауын білдіреді» деп атап өтті.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Раднарагча Саранго мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Бас хатшысы Қайрат Сарыбай конференция қатысушыларына өз құттықтауларын бейнетүсірілім арқылы жеткізіп, Қазақстанда жүргізілген конституциялық реформалардың құқықтық институттарды нығайту және орнықты даму үшін өте маңызды болғаны жайында өз ойларымен бөлісті.
Сонымен қатар, Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының Бас хатшысы Рамиль Гасан мен Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Феруза Эшматова да қатысушыларды бейнетүсірілім форматында құттықтады. Олар Қазақстандағы конституциялық өзгерістерге өңірлік және халықаралық деңгейде жоғары қызығушылық бар екенін атап өтті.
Тақырыптық пікір алмасу барысында қатысушылар жаңа Конституцияның құқықтық жүйені дамытудағы және конституциялық мемлекеттілікті нығайтудағы рөлін талқылады. Заң алдында жұрттың бәрінің тең болуы, сот төрелігіне қолжетімділік, заңнаманы жетілдіру, қоғамдық келісімді нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Адам құқықтарын қорғау аясындағы қазіргі заманғы сын-қатерлер, цифрлық құқықтарды дамыту, құқықтық мәдениет деңгейін көтеру және құқықтық ақпаратқа қолжетімділікті кеңейту мәселелері де талқылауға өзек болды. Қазақстан Республикасының Конституциясына ғылыми комментарий әзірлеу де талқыланды.
Конференцияда жетекші қазақстандық ғалымдар, Конституциялық Соттың, Конституциялық комиссияның, жоғары оқу орындарының және сарапшылық институттардың өкілдері баяндама жасады. Бейнетүсірілім форматында Техас университетінің профессоры Ричард Альберт пен Франция халықаралық қатынастар институтының (IFRI) атқарушы төрағасы Тьерри де Монбриаль халықаралық перспектива жайында ойларын білдіріп, Қазақстандағы конституциялық реформалардың демократиялық институттарды, құқық үстемдігін нығайтудағы және орнықты дамуды қамтамасыз етудегі маңыздылығын ерекше атап өтті.
Ата Заңымыздың мәтініне барша азаматтың тең қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында Үкімет бастама көтеріп, «Инклюзивті қоғам үшін Конституция» аясында басып шығарылған Брайль қарпіндегі Қазақстан Республикасы Конституциясының да таныстырылымы осы конференцияға тұспа-тұс келді.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова мен «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Бекежан Жәкеев Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының күшіне енуіне арнайы дайындалған пошта маркасына мөр басу рәсіміне қатысты.
Қатысушылар конференцияны қорытындылай келе, жаңа Конституцияның Қазақстан дамуындағы жаңа кезеңнің берік институционалдық және құқықтық негізіне айналғанын атап өтті.