
2020-2025 жылдар аралығында жекеменшік мектептердің саны 203-тен 745-ке дейін немесе 3,7 есеге өсті, ал оқушылар контингенті 53 мыңнан 297 мыңға дейін ұлғайды. Орта білім саласына жеке инвестициялар тарту – бұл оң қадам және бизнес бұл жүктемені бөлісуге дайын болса, құрылыс бойынша барлық шығынды мемлекет өз мойнына ала бермеуге тиіс. Бұл оқушы орындарының тапшылығын азайтуға, үш ауысымды және тығыз толтырылған, әсіресе қарқынды дамып келе жатқан мегаполистер мен оңтүстік өңірлерде орналасқан мемлекеттік мектептердің жүктемесін азайтуға мүмкіндік берді. ҚР қаржы вице-министрі ДәуренТемірбеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.
Оның айтуынша, жекеменшік мектептер санының қарқынды өсуі бұрынғы қаржыландыру тетігіндегі елеулі жүйелі кемшіліктерді анықтады.
«Өткен жылы қаржылық рәсімдердің ашықтығын арттыру және бақылауды күшейту, бюджет қаражатын әкімшілендіруге бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету үшін «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы Қаржы министрлігіне берілді. Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кемшіліктерді түзету және алдағы уақытта оларға жол бермеу мақсатында қаражатты бөлу тетігін толығымен өзгертті. Атап айтқанда, «Bilimge» бірыңғай қаржыландыру порталы негізінде пилоттық жобаны жүргізудің арнайы тетігі іске қосылды», – деді спикер.
Порталдың негізгі мақсаты – барлық әкімшілік процесті цифрлық ортаға көшіру, автоматты бақылауды қамтамасыз ету және бюджет қаражатының мақсатқа сай пайдаланылуына кепілдік беру. Жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселесін жедел шешу үшін 2025 жылдың күзінде «OrtaBilim» сервисі іске қосылды. Бұл тетік жекеменшік мектептерді Қаржы министрлігінің «e-Qazyna» платформасына көшіруді, оларды толық цифрландыруды, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау арқылы мектептердің деректерін салыстыруды көздейді. Бұдан бөлек, жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыру өкілеттігі жергілікті деңгейге – Білім басқармаларына берілді.
Жалпы алғанда, есеп айырысу рәсімдерін цифрландыру, білім алушылар контингенті мен қолданылатын нормативтерді қоса алғанда, тексерілген параметрлер негізінде қаржыландыру көлемдерін автоматты түрде анықтауды қамтамасыз етеді. Енді қолмен есептеуге және субъективті шешімдерге тәуелділік болмайды. Міндеттемелердің орындалуын, бақылауды автоматтандырудың маңызы ерекше. Жүйе нақты көрсеткіштердің мәлімделген деректерге сәйкестігін тексеруді, бюджет қаражатының лимиттерін бақылауды және ауытқуларды анықтауды қамтамасыз етеді, бұл түзету шараларын уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді. Операцияларды цифрлық ортада іске асыру үздіксіз цифрлық із қалдырады, қаражат қозғалысын толық қадағалауды қамтамасыз етеді. Жүйеде тіркелместен өзгеріс енгізу мүмкіндігі болмайды, бұл қатысушылардың жауапкершілік деңгейін арттырып,барлық іс-қимылдың тексерілуін қамтамасыз етеді. Білім беруді қаржыландыру процесін e-Qazyna порталы арқылы цифрлық ортаға жүйелі түрде көшіру қазірдің өзінде нәтижелерін көрсетіп отыр.