
Целиноград ауданы: миллиардтаған инвестициялар, жаңа өндірістер мен ауқымды жобалар өңір экономикасын жаңа деңгейге көтеріп отыр
Аудан Астанаға жақын орналасқан Ақмола облысындағы ең қарқынды дамып келе жатқан аумақтардың бірі ретінде өз орнын нықтап келеді. Бұған дейін мұндағы негізгі даму драйверлері тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту болса, бүгін аудан жаңа кезеңге аяқ басты. Енді басты рөлді өнеркәсіп, қайта өңдеу саласы, ірі инвестициялық жобалар мен заманауи өндіріс атқарып отыр.
Мұндай жүйелі даму кездейсоқ емес. Астанамен іргелес тиімді географиялық орналасу, инженерлік инфрақұрылымның кешенді дамуы және қолайлы инвестициялық климат ауданның бизнесті тартатын ең тартымды алаңдардың біріне айналуына мүмкіндік берді.
Аудан әкімі Дарын Сабырғали Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауданның қол жеткізген нәтижелері мен алдағы міндеттері туралы баяндады.
Оның айтуынша, бүгінде аумақ дамуының басты көрсеткіші тек экономикалық өсім емес, оның сапасының өзгеруі болып отыр.
«Бірнеше жыл бұрын негізгі даму көзі мемлекеттік бағдарламалар болса, қазір біз мүлде басқа тенденцияны көріп отырмыз. Бизнес ауданға белсенді келіп, өндіріске инвестиция салып, жаңа кәсіпорындар ашып, жұмыс орындарын құруда. Бұл инвесторлардың сенімін және таңдалған бағыттың дұрыстығын көрсетеді», – деді Дарын Сабырғали.
Инвестициялар бүгінде аудан дамуының негізгі қозғаушы күшіне айналған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға 106,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі екінші жыл қатарынан өсіп, 43 млрд теңгеден асты. Бұл кәсіпкерлердің өз қаражатын салып, ұзақ мерзімді жоспарларын Целиноград ауданымен байланыстырып отырғанын білдіреді.
Оң динамика нақты экономикада да көрініс табуда. Өткен жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі шамамен 19 пайызға артты. Әсіресе өңдеу өнеркәсібі жоғары қарқын көрсетіп, аудан дамуының негізгі бағыттарының біріне айналуда.
Бұл көрсеткіштердің артында нақты жұмыс істеп тұрған жобалар бар.
Елдегі ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі – «Родина» агрофирмасында заманауи сауын залы (480 бас/сағ өнімділік) және 860 басқа арналған жаңа бұзаухана іске қосылды. Кәсіпорын сұйық көңді өңдеу жүйесін және тазартылған ағын суларды ауыл шаруашылығында қайта пайдалану нысандарын енгізу арқылы технологияларын жаңғыртуды жалғастыруда.
Агроөнеркәсіп кешенінде қайта өңдеуді дамыту да жаңа мүмкіндіктер ашуда. «Табыс» ӨКФ-да 5 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасының екінші кезегі аяқталды, ал «Преображенка» ЖШС-де 200 гектар аумақта суармалы егіншілік жобасы іске асырылды.
Сонымен қатар аудан өнеркәсіп секторын кеңейтуде. Арайлы ауылында аяқ киім фабрикасы іске қосылды, Қызылсуатта заманауи өндірістік және қойма кешендері ашылды, ал Ақмол ауылында жаңа сауда үйі пайдалануға берілді.
Алайда іске асқан жобалар – ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Қазірдің өзінде аудан алдағы экономикалық өсімді қамтамасыз ететін ірі инвестициялық портфель қалыптастыруда.
Биыл 120 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр, оның ішінде алғаш рет жеке инвестициялардың үлесі 50 пайыздан асады деп күтілуде.
Жалпы құны 42 млрд теңгеден асатын жобалар іске асу сатысында. Олардың қатарында цемент зауыты, алюминий прокатын шығаратын кәсіпорын, кірпіш зауыты, кеңсе тауарларын өндіретін фабрика, жиһаз өндірісі, заманауи өндірістік кешендер және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары бар.
Агроөнеркәсіп кешенінде де ірі жобалар жүзеге асуда. Май зауыты, майлы дақылдарды терең өңдеу кәсіпорны, құрамажем өндірісі, сүт-тауар фермалары және пастерленген сұйық әрі құрғақ жұмыртқа өнімдерін шығаратын 12,5 млрд теңгелік зауыттың құрылысы жалғасуда.
Аудан дамуының негізгі бағыттарының бірі – «Агрохаб» және «Qoyandy» индустриялық аймақтарын құру.
Дарын Сабырғали айтуынша, бұл алаңдар жаңа өнеркәсіптік өсім орталықтарына айналып, заманауи кәсіпорындарды орналастыруға барлық жағдай жасайды.
«Біз инвесторлар үшін дайын инфрақұрылым қалыптастырып жатырмыз. Бұл жобаларды жүзеге асыру мерзімін қысқартып, жаңа өндірістерді тартуға, жұмыс орындарын көбейтуге және салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді. Индустриялық аймақтар аудан экономикасының негізгі өсу нүктелерінің біріне айналады», – деді әкім.
Қазірдің өзінде болашақ индустриялық аймақтар аумағында бірнеше ірі жобалар пысықталуда. Олардың қатарында 18,2 млрд теңгелік үй құрылысы комбинаты, 33,7 млрд теңгелік экологиялық таза құрылыс материалдарын өндіретін өнеркәсіп паркі және 34 млрд теңгелік сүт өнімдері мен алкогольсіз сусындар шығаратын кешен бар.
Экономиканың дамуы инфрақұрылымсыз мүмкін емес. Сондықтан инвестициялық жобалармен қатар елді мекендерді жаңғырту жұмыстары да қатар жүріп жатыр.
Өткен жылы 136 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді, жаңа көпқабатты үйлердің құрылысы жалғасуда, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жобалары іске асуда.
Жол инфрақұрылымын дамытуға да қомақты қаржы бөлінуде. Өткен жылы 81 шақырымға жуық жол асфальтталып, 5 мыңнан астам заманауи жарық шамдары орнатылды, сондай-ақ 4,8 мыңға жуық жол қозғалысын ұйымдастыру құралдары қойылды.
«Экономикалық даму халықтың өмір сапасынан бөлек қарастырылмайды. Сондықтан инвестициялық жобалармен қатар біз тұрғын үй саламыз, инженерлік желілерді жаңартамыз, жолдарды жөндейміз және заманауи инфрақұрылым қалыптастырамыз», – деді Дарын Сабырғали.
Бүгінде Целиноград ауданы тек елордаға жақын орналасқан аумақ ретінде ғана емес, жаңа экономика қалыптасып жатқан өңір ретінде танылып отыр. Мұнда заманауи өндірістер, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, ауқымды инвестициялар мен дамыған инфрақұрылымға негізделген жаңа экономикалық жүйе қалыптасуда.