
Соңғы жылдары аудан өңірдің негізгі өсу нүктелерінің біріне айналды. Мұнда заманауи мектептер мен тұрғын үйлер белсенді түрде салынып жатыр, инженерлік желілер жаңғыртылуда, ауылдық денсаулық сақтау жүйесі дамып келеді, ауқымды инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда, жаңа өндіріс орындары ашылуда. Жеткен нәтижелер, іске асырылып жатқан жобалар және алдағы кезеңге арналған басым міндеттер туралы РСК алаңында өткен брифинг барысында Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғали баяндады.
Ауданның басты жетістіктерінің бірі – шамадан тыс толған мектептер мәселесінің іс жүзінде толық шешілуі болды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Талапкер, Қоянды, Қараөткел, Қаражар, Ақмол және Қабанбай батыр ауылдарында заманауи оқу орындары есігін айқара ашты. Жаңажол ауылында пайдалануға берілген тағы бір мектепті есепке алғанда, аудандағы оқушы орындарының тапшылығы рекордтық түрде сегіз есе қысқарды. Сонымен қатар ауылдық медицинада да айтарлықтай ілгерілеу бар – елді мекендерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің 16 жаңа нысаны жұмысын бастады, олардың қатарында дәрігерлік амбулаториялар, медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер бар.
«Біздің басты міндетіміз – азаматтарға сапалы қызмет көрсету, олардың ірі тірек орталықтарда немесе шағын, шалғай елді мекендерде тұратынына қарамастан. Сондықтан біз әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту тәсілдерін түбегейлі қайта қарап, оны әр адамға қолжетімді етудеміз. Заманауи мектептер салу және жаңа медициналық пункттер ашу – ауылдағы өмір сапасын жақсартуға бағытталған үлкен жұмыстың алғашқы кезеңі ғана», – деді Дарын Сабырғали.
Аудан экономикасының негізі агроөнеркәсіп кешені мен өнеркәсіптегі жоғары нәтижелермен нығайтылып отыр. Жергілікті аграрлар бір жылда шамамен 30 мың тонна ет және 61 мың тоннадан астам сүт өндіріп, мал мен құс санын арттыруды, егіс алқаптарын кеңейтуді және өнімді қайта өңдеуді дамытуды жалғастыруда. Сонымен қатар жаңа индустриялық нысандар ашылып, жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындары құрылуда. Мәселен, Арайлы ауылында жаңа аяқ киім фабрикасы іске қосылды, ал Қызылсуатта желдету жүйелерін шығаратын өндіріс қуаттары іске қосылып, заманауи қойма кешені ашылды.
Коммуналдық қызметтер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да ауқымды жұмыс атқарды, бұл бағыт әдетте қала маңындағы аймақтар үшін ең өзекті болып келеді. Аққайың, Нұресіл, Қараменді батыр, Родина және Тонкеріс ауылдарында жаңа су құбыры желілері салынды, ал Қараөткел, Қызылсуат және Софиевка ауылдарында су нысандарын салу мен жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Биылғы жыл газдандыру саласында да тарихи жыл болды: бірден жеті елді мекен – Нұрлы, Аққайың, Шұбар, Алтынсарин, Талапкер, Қоянды және Қараөткел ауылдары көгілдір отынға қосылды. Қазір тиісті ведомстволар келесі ауылдарды газдандыруға арналған жобаларды дайындауда.
Халық үшін ең сұранысқа ие бағыттардың бірі – жол инфрақұрылымы. Өткен жылы ауданда 80 шақырымнан астам жол асфальтталып, Қараөткел, Қоянды, Қажымұқан, Аққайың, Қабанбай батыр, Қызылжар, Арайлы және Родина ауылдарындағы көшелер жаңартылды.
«Жол желісін дамыту бойынша жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, себебі сапалы көлік артериялары экономикалық белсенділікке тікелей әсер етеді. Биыл біз жергілікті маңызы бар тағы 75 шақырымнан астам жолды асфальттауды жоспарлап отырмыз. Ең өзекті, тұрғындар жиі шағымданатын ішкі ауылдық жолдардың мәселесін толық шешуге ниеттіміз», – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар ауданда тұрғын үй мәселесі шешіліп, абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Ақмол ауылында жаңа көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталды, тағы он көпқабатты үй салыну үстінде. Жаңа тұрғын үйлермен қатар жайлылық деңгейі де артуда: 15 ауылда заманауи балалар ойын және спорт алаңдары пайда болды. Қауіпсіздік мақсатында көшелерге бейнебақылау жүйелері орнатылуда, ал 12 елді мекенде бес мыңнан астам энергия үнемдейтін шамдар қойылды.
Жаңартылған инфрақұрылымды басқару үшін өңір жас кадрларды белсенді тартуда. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы ондаған жас маман өз баспанасына ие болды, ал ауылдық жерге жұмысқа келген 200-ден астам маман көтерме жәрдемақы алды. Алдағы жылдары Целиноград ауданының басшылығы индустриялық аймақтар құруға, инвестиция тартуға және туризмді дамытуға басымдық бермек.
«Бүгін кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқан барлық жобалар азаматтар үшін қолайлы орта қалыптастыруға және аумақтардың тұрақты дамуына бағытталған. Біз тек нысандар салып қана қоймай, келер ұрпақ үшін берік экономикалық және әлеуметтік негіз қалаймыз. Біздің ұзақ мерзімді мақсатымыз – Целиноград ауданын өмір сапасы жоғары, индустриялық-аграрлық секторы дамыған алдыңғы қатарлы өңірге айналдыру», – деп түйіндеді спикер.