
Aqmola Invest алаңында Ақмола облысының әкімі төрағалық еткен кеңесте республикалық маңызы бар AQMOLA және KOKSHE INDUSTRY индустриялық аймақтарын дамыту, сондай-ақ елорда маңындағы аудандарда инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды. Өңір басшысының айтуынша, индустриялық аймақтар жұмысының алғашқы нәтижелері биылғы жылдың соңына дейін көрінуі тиіс. Сонымен қатар бірқатар алаңдар бойынша аудан әкімдіктерімен жұмыстардың қарқыны жеткіліксіз деңгейде жүргізілуде. AQMOLA индустриялық аймағының аумағы Целиноград, Шортанды аудандары мен Қосшы қаласының жерлерін қосу есебінен 2100 гектарға дейін кеңейтілді. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға ең дайын аудан – Аршалы ауданы. Мұнда жобалық құжаттама кейіннен қаржыландыру үшін мемлекеттік сараптамадан өтуде.
«KOKSHE INDUSTRY индустриялық аймағында оң динамика байқалады. Мұнда жалпы құны 22,7 млрд теңгені құрайтын екі жоба жүзеге асырылып, 670 жұмыс орны ашылады. Әңгіме ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді кеңейту және алғашқы өнімі қазан айында шығарылатын кірпіш зауытын салу туралы болып отыр. Сонымен қатар болашақта индустриялық аймақ аумағында шамамен 6 мың жұмыс орнын құратын 40-қа жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда», – деді Марат Ахметжанов.
Кеңесте сондай-ақ нысандарды инженерлік желілерге қосу, газбен жабдықтау, инфрақұрылымды дайындау және қажетті құжаттарды рәсімдеу мәселелеріне назар аударылды. Аршалы ауданында салынып жатқан құрылыс материалдары зауытын газға қосудағы кідірістер, сондай-ақ Қосшы қаласындағы индустриялық аймақты сумен жабдықтау және су бұру жүйелерімен қамтамасыз ету мәселелері жеке қаралды. Салаға жауапты ведомстволарға инфрақұрылымдық қамтамасыз етудің оңтайлы схемасын айқындау тапсырылды. Кеңес қорытындысында облыс әкімі индустриялық аймақтарды дамыту инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңір экономикасының өсуіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Елорда маңындағы аудандардың әкімдеріне қолданыстағы және жоспарланған инфрақұрылымға ревизия жүргізу, проблемалық мәселелерді шешу жұмыстарын жеделдету және жобалардың іске асырылуын жеке бақылауға алу тапсырылды. Сондай-ақ Aina Resources және RG Gold компанияларының инвесторларымен кездесулер өтті.