
Бүгін Целиноград ауданында Қараөткел ауылдық округі әкімінің сайлауы өтуде. Таңғы сағат 7:00-ден бастап Қараөткел және Жаңажол ауылдарының сайлау құқығына ие тұрғындары дауыс беруге кірісті.
Сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді Целиноград аудандық аумақтық сайлау комиссиясы қамтамасыз етеді. Сайлау науқанына бір аумақтық және төрт учаскелік сайлау комиссиясы тартылған. Олар сайлау заңнамасының талаптарының сақталуын, сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуде.
Сайлаушылар тізіміне дауыс беру құқығына ие 5 658 азамат енгізілген. Сайлау учаскелеріндегі дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Ауылдық округ әкімінің сайлауы Қараөткел ауылдық округі әкімінің өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты тағайындалды. Қараөткел ауылдық округі әкімінің лауазымына үш кандидат тіркелді. Олардың барлығы өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылған.
Дауыс беру аяқталғаннан кейін дауыстарды санау жүргізіледі. Сайлау қорытындыларын үш күн ішінде шығару жоспарланып отыр. Заңнамаға сәйкес, аумақтық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркейді, содан кейін ол өз өкілеттіктеріне ресми түрде кіріседі.