Ақмола облысында әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу мәселелері талқыланды

Ақмола облысында әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу мәселелері талқыланды

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті. Шараға мемлекеттік органдардың басшылары, кәсіподақтар мен ұйымдардың өкілдері қатысты.

Ақмола облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Ерлан Әбжатов негізгі назар өндірістік жарақаттану мәселелеріне және өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу шараларына, сондай-ақ еңбекті қорғау талаптарының сақталуына бақылауды күшейтуге аударылатынын атап өтті.

Денсаулық сақтау басқармасының «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының және «SENIM» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен бірге кездесуге қатысушылар денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлеріне еңбекақы мен сауықтыру жәрдемақыларының кешіктірілу деректерін талқылады, қаржылық жағдайды тұрақтандыру және медицина қызметкерлеріне төлемдердің уақтылы берілуін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қарастырды.

Полиция подполковнигі Айнагүл Қуандықова балалар еңбегіне тыйым салу және шектеу бөлігіндегі заңнаманың сақталуы туралы ақпаратпен бөлісті, жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстары туралы хабардар етті.

Отырыс қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілерге тиісті тапсырмалар қойылды.