Олжас Бектенов Берн одағының отырысына қатысушыларды Қазақстанда стратегиялық халықаралық инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырды

Олжас Бектенов Берн одағының отырысына қатысушыларды Қазақстанда стратегиялық халықаралық инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырды

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандырушылардың ірі халықаралық бірлестігі – Берн одағының пленарлық отырысына қатысты.

Форум алғаш рет Орталық Азия өңірінде өткізіліп отыр. Отырыс жұмысына әлемнің 70-тен астам елінен 240-қа жуық делегат қатысуда. Олар – жетекші экспорттық-кредиттік агенттіктердің, эксимбанктердің, халықаралық қаржы институттарының және жаһандық сақтандыру корпорацияларының басшылары.

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов аталған басқосудың стратегиялық миссиясын атап өтті. Еліміздің инвестициялық тартымдылығын нығайту Берн одағы мүшелері қызметінің негізгі бағыттары – халықаралық сауданың, көлік-логистикалық әлеуеттің және экспорттық мүмкіндіктердің дамуымен тығыз байланысты.

Олжас Бектенов еліміз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылығымен саяси және экономикалық жаңғыртудың кешенді бағдарламасын дәйекті түрде жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті. Жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция Әділ және Мықты Қазақстан құруға бағытталған.

Отырысқа қатысушыларға Президент қойған міндеттерге сәйкес инвестициялық, экспорттық және іскерлік әлеуетті дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді. Мемлекет үшін шетелдік әріптестермен сенімді диалог құру – сыртқы экономикалық саясаттың ажырамас бөлігі.

«Мемлекет басшысы іскерлік ахуалды жақсартуға үнемі ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінде Қазақстан Орталық Азия аймағындағы ірі экономика ретінде өзінің ұлттық экономикасын құрылымдық трансформациялауды жалғастыруда. Тікелей шетелдік инвестициялар 14,4%-ға өсіп, $20,5 млрд-ты құрады, ал негізгі капиталға инвестициялар 13%-ға артып, $43,5 млрд рекордтық көрсеткішке жетті. Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2025 жылы $144 млрд-қа дейін өсті. Қазақстандық өнімді жеткізу географиясы мен номенклатурасы кеңейіп келеді. Бүгінде біздің тауарлар әлемнің 127 еліне экспортталады, белсенді өнім түрлерінің тізімі 4 мыңға жақындады»,

— деді Олжас Бектенов. 2030 жылға дейінгі Сауда саясаты тұжырымдамасы аясында Қазақстан шикізаттық емес экспортты $52 млрд-қа дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Қазақстан халықаралық еркін сауда келісімдері желісін кеңейтуде. Вьетнаммен, Сербиямен жасалған келісімдерге қосымша БАӘ, Моңғолия және Индонезия қосылды. Бұл архитектурада Транскаспий халықаралық көлік бағыты ерекше рөл атқарады, мұнда трансконтиненталды экономикалық дәліздер жүйесін жетілдіруге, тауар айналымын арттыру және елдеріміздегі халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік беретін ірі инфрақұрылымдық бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Шетелдік сапалы адами капиталды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Президенттің тапсырмасы бойынша көші-қон саясаты жетілдірілуде. Инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін «Алтын виза» арнайы визалық режимі енгізілуде. Басым нарықтарда орналасқан Қазақстанның шетелдік сауда өкілдері және Экспорттық-кредиттік агенттіктің кеңселері кәсіпорындарға ішінара қолдау көрсетуге және халықаралық бизнестің сұраныстарына жедел ден қоюға бағдарланған.