Реновация және жолдар: Родина ауылын дамыту жалғасуда

Реновация және жолдар: Родина ауылын дамыту жалғасуда

Целиноград ауданына жұмыс сапары барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов реновация бағдарламасы аясында салынған жаңа тұрғын үйлермен де танысты.

Шаруашылықтың қаржысы есебінен ауылдағы ескі, тозығы жеткен үйлердің орнына 14 екі қабатты, әрқайсысы 8 пәтерлі тұрғын үй салынды. Жыл соңына дейін тағы екі үйдің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Бағдарламаның арқасында бүгінде 100-ден астам отбасы жаңа пәтерге қол жеткізді.

«Родина ауылы – бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. «Родина» Агрофирмасы» тұрғын үйлер салып жатса, біз өз тарапымыздан балаларға арналған спорт алаңдарын салудамыз», – деді Марат Ахметжанов жаттықтырушылармен және жас спортшылармен әңгімелесу барысында.

2025 жылдың қазан айында ауылда футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, теннис корты және воркаут аймағы пайдалануға берілді. Балалар үшін арнайы ойын алаңы орнатылды. Сонымен қатар «Родина» агрофирмасының қаражаты есебінен спортшыларға арналған сыртқы санитарлық аймақтар мен киім ауыстыру бөлмелері салынды. Биыл ауылда ату тирі орнатылып, хоккейшілерге арналған лақтыру аймағы мен асық ату алаңының құрылысы жүргізілуде.

Сондай-ақ Родина ауылында көше-жол желілерін күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда жұмыстардың 90 пайызы аяқталған: асфальт төсеу толық жүргізіліп, көше жарығы ауыл теңгеріміне берілді. Абаттандыру жұмыстарын жаз мезгілінде толық аяқтау жоспарланып отыр.