Целиноград ауданында Қазақстан халқының бірлігі күні жоғары деңгейде аталып өтті

Целиноград ауданында Қазақстан халқының бірлігі күні жоғары деңгейде аталып өтті

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Ақмол ауылындағы аудандық Мәдениет үйінің алаңында салтанатты іс-шара өтті.

Айтулы мерекеге жиналған аудан тұрғындары мен қонақтары еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің маңызын дәріптеп, бірліктің жарқын үлгісін көрсетті.

Мерекелік жиында Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғали тұрғындарды құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Ол өз сөзінде этносаралық келісім мен татулықты сақтаудың маңызына тоқталып, ұлттық дәстүрлерді ұлықтаудың өскелең ұрпақ үшін орны ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар, аудан әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген барша азаматтарға алғыс айтты.

Салтанатты шара аясында ерекше ұйымдастырылған ұлттық тағамдар көрмесі көпшіліктің назарын аударды. Қонақтар әртүрлі этностардың дәстүрлі тағамдарынан дәм татып, қазақтың ыстық бауырсақтары мен ұлттық тағамдарға толған мол дастарқанның сәнін тамашалады.

Мерекелік кеш ауданның шығармашылық ұжымдары дайындаған үлкен концерттік бағдарламамен жалғасты. Өнерпаздар елімізде мекен ететін түрлі ұлттар мен этностардың әсем әндерін шырқап, мың бұралған билерін көрермен назарына ұсынды. Думанды шара тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлап, бірлік пен достықтың рухын асқақтатты.