Ақмола облысында екі инвестициялық жоба: 2000 жұмыс орны және 1 трлн теңге

Ақмола облысында екі инвестициялық жоба: 2000 жұмыс орны және 1 трлн теңге

Aqmola Invest кеңсесінде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен Бас прокуратура өкілдерінің, ұлттық экономика, өнеркәсіп және құрылыс, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлерінің, ішкі істер министрінің орынбасарының, сондай-ақ шетелдік инвесторлардың қатысуымен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша кеңес өтті.

Кеңес барысында халықаралық деңгейдегі екі ірі инвестициялық жоба қаралды. Әлемдегі жетекші металлургиялық компаниялардың бірі – Zijin Mining Group құрамына кіретін «RG Gold» компаниясы Бурабай ауданындағы Райгородок кен орны базасында алтын өндіру фабрикасын салуда. Жоба нәтижесінде алтын өндіру көлемі жылына 6 тоннадан 12 тоннаға дейін артады.

Компанияның тең бас директоры Марат Шаймарданов бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі саласындағы тәжірибесімен бөлісті. Компания мектептерді жөндеу және жаңғыртуға көмектеседі, сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары білім алуға гранттар бөледі, аудандық ірі іс-шараларды өткізуге қатысады. Сондай-ақ компания қаражаты есебінен су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға пәтерлер сатып алынды. Алдағы уақытта өңірдің экологиялық мәселелерін шешу жоспарлануда.

Dalian Hesheng Holdings Group компаниясы қосылған құны жоғары өнім – натрий глутаматы, аминқышқылдары және т.б. өндіретін астықты терең өңдеу кешенін құруды жоспарлап отыр.

Екі жоба бойынша жалпы инвестиция көлемі 1 трлн теңгеден асады, шамамен 2 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Кеңес барысында жер қойнауын пайдалану, мемлекеттік сараптамадан өту, экологиялық рұқсаттар алу, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері сияқты орталық мемлекеттік органдар деңгейінде шешуді қажет ететін бірқатар сұрақтар көтерілді.

Облыс әкімі Бас прокуратурамен келісімге қол қойылғанын атап өтті. Оның аясында жобалар Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп сүйемелденеді, бұл туындайтын мәселелерді жедел қарауға мүмкіндік береді.

«Инвестиция тарту – тұрақты экономикалық дамудың негізгі факторы. Ерекше өкілеттіктер берілген инвестициялық штабтың жұмысы арқасында инвесторлардың проблемалық мәселелерін жедел шешуге және әкімшілік кедергілерді жоюға мүмкіндік бар. Астанада кеңсе ашылғаннан кейін өңір ірі компаниялар үшін одан әрі инвестициялық тартымдылығын арттырды», – деді Марат Ахметжанов.

Кеңес қорытындысы бойынша бірлескен шешімдер әзірлеу үшін жұмыс тобын құру ұсынылды. Жұмысты үйлестіру облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовке жүктелді. Аталған бастамалардың іске асырылуы Үкімет пен Бас прокуратураның ерекше бақылауында.

Еске салайық, өткен кезең қорытындысы бойынша өңірдің негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 920 млрд теңгеден асты, бұл облыстың ел бойынша өсім қарқыны жөнінен бірінші орын алуына мүмкіндік берді. Тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 161 млн доллар жоспары кезінде 430 млн долларды құрап, күтілген көрсеткіштен 2,7 есе асып түсті.