
Бүгін ел бойынша Tomorrow School білім беру жобасының ресми іске қосылуы өтті. Аймақтардағы, соның ішінде Ақмола облысындағы инновациялық кампустардың жұмысына Мемлекет басшысы телемост форматында старт берді.
Өңірдегі алғашқы бағдарламалау және жасанды интеллект мектебі — Tomorrow School инновациялық кампусы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің бас ғимараты базасында бірегей халықаралық әдістеме бойынша жұмысын бастайды.
Жоба дәстүрлі оқыту жүйесінен түбегейлі өзгеше форматты ұсынады. Мұнда үйреншікті дәрістер, мұғалімдер мен бағалар жоқ. Оқыту 01EDU платформасына негізделіп, «тең – теңімен» қағидаты бойынша құрылады: студенттер практикалық IT-кейстерді шешу арқылы білім алып, өзара әрекеттеседі.
Өңір тұрғындары сұранысқа ие бағыттарды тегін меңгеру мүмкіндігіне ие болады: машиналық оқыту, үлкен деректермен жұмыс және терең оқыту. Кампус қуатты графикалық станциялармен және Astana Hub стандарттарына сәйкес келетін инфрақұрылыммен жабдықталған.
Бүгінде жалпы ауданы 100 шаршы метрді құрайтын заманауи кеңістік толық дайындалып, 50 жұмыс орнына арналған оқу кластері жабдықталды және техникалық инфрақұрылым ретке келтірілді. Tomorrow School жобасының іске қосылуы Alem.ai Foundation, Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасы және Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ынтымақтастығының арқасында мүмкін болды.
«Көкшетауда осындай мектептің ашылуы – жастар үшін жасанды интеллект саласында халықаралық білімді облыстан шықпай-ақ алуға үлкен мүмкіндік. Біз дарынды жастардың жоғары деңгейлі маман болып қалыптасуына жағдай жасаймыз», – дейді ұйымдастырушылар.