
2026 жылғы 18 сәуір күні Целиноград ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жалпыаудандық сенбілік өтті.
Ауқымды іс-шараға мемлекеттік органдардың қызметкерлері, квазимемлекеттік сектор өкілдері, бюджеттік ұйымдардың жұмысшылары, бизнес қауымдастығы, еріктілер және аудан тұрғындары белсенді қатысты. Акция түрлі жастағы және әр сала өкілдерін ортақ мақсат — елді мекендерді таза әрі көрікті ету жолында біріктірді.
Жұмыстар ауданның барлық ауылдық округтері мен елді мекендерінде жүргізілді. Сенбілік барысында саябақтар, скверлер, көшелер, өзен-көлдердің жағалаулары, қоғамдық және аула аумақтары тазартылды. Қатысушылар тұрмыстық қалдықтардың едәуір көлемін жинап, сыртқа шығарды, ағаштарды әктеу, бордюрлар мен қоршауларды сырлау жұмыстарын жүргізіп, абаттандыру және көгалдандыру шараларын жүзеге асырды.
Аудан тұрғындары да өз үйлеріне іргелес аумақтарды тазалап, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға жеке үлестерін қосты.
Тарихи-мәдени мұра нысандарына ерекше назар аударылды. Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні аясында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері жастар ресурстық орталығының еріктілерімен бірлесіп, ескерткіштер мен обелисктердің аумағын тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Сенбілік қорытындысы бойынша ондаған тонна қоқыс шығарылып, маңызды қоғамдық кеңістіктер ретке келтірілді, елді мекендердің санитарлық жағдайы жақсарды.
Осындай экологиялық шаралар қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырып, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға және туған өлкені көркейтуге ықпал етеді. «Таза Қазақстан» акциясы бірлескен еңбектің нәтижесінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға болатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.