Целиноград ауданы: кадрлық құрамды жаңарту және маусымдық міндеттерді үйлестіру

Целиноград ауданы: кадрлық құрамды жаңарту және маусымдық міндеттерді үйлестіру

Бүгін Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлының төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Жиын барысында ауданның көктемгі дала жұмыстарына дайындығы, елді мекендерді санитарлық тазалау және абаттандыру мәселелері талқыланып, бірқатар кадрлық тағайындаулар таныстырылды.

Кеңес басында аудан басшысы республикалық референдумды ұйымдастыруға белсене атсалысқан азаматтарды атап өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан бірқатар жерлестерімізге марапаттар табыс етті.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы дайындық барысы қаралды. Биылғы жылы жаздық егіс алқабы 261,6 мың гектарды құрайды, оның ішінде дәнді және майлы дақылдар көлемі өткен жылмен салыстырғанда ұлғайтылған. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы 80%-ды құрап отыр, ал шаруаларға қажетті 3,6 мың тоннадан астам арзандатылған дизель отыны бөлініп, үлестірілуде. Елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында 20 сәуір мен 22 мамыр аралығында ауданда тазалық пен көгалдандыру айлығы жарияланды.

Аудан әкімі ауылдық округ басшыларына заңсыз қоқыс үйінділерін жоюды және тазалық талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты әкімшілік шараларды белсенді қолдануды тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстар «Ғарыш Сапары» мониторингінің мәліметтері негізінде ерекше бақылауда болады. Жиын соңында аудандағы кадрлық өзгерістер жарияланды.

Аудан әкімінің өкімімен Айдос Нәкипұлы Тәңірбергенов аудан әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Сондай-ақ Рустам Мейрамұлы Жомартов инвестициялар тарту және туризмді дамыту бөлімінің басшысы, Динара Сәбитқызы Умарова жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы, ал Мейіргүл Әлмұхаметқызы Әбубәкірова «Мансап орталығы» филиалының директоры болып тағайындалды. Аудан басшысы жаңадан тағайындалған қызметкерлерге жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруды тапсырып, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында нәтижелі жұмыс күтетінін жеткізді.