Ақмола облысында алдағы жазғы маусымға курорттық аймақтардың дайындығы талқыланды

Ақмола облысында алдағы жазғы маусымға курорттық аймақтардың дайындығы талқыланды

Ақмола облысында облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовтың төрағалығымен курорттық аймақтарды алдағы жазғы туристік маусымға дайындау мәселелері бойынша кеңес өтті.
2025 жылы Ақмола облысына ішкі туристік ағын 1,5 миллионнан астам адамға жетті, ал биылғы маусымда туристер саны 1,8 миллионға дейін өседі деп күтілуде. Кездесу барысында дайындықтың негізгі бағыттары жан-жақты қаралды: санитарлық жағдай, туристік инфрақұрылым, қауіпсіздік және қызмет көрсету сапасы.

Бүгінгі таңда ең маңызды әрі бірінші кезектегі мәселе – су айдындарындағы жаппай демалыс орындарын, ең алдымен жағажай аймақтарын анықтау және оларды 1 мамырға дейін белгіленген талаптарға сәйкестендіру.

Маусым қарсаңында аумақтарды экологиялық тазарту жұмыстары күшейтіледі. Жазғы кезеңде туристер көп жиналатын орындарда тазалықты сақтау үшін қоқыс шығару жиілігін тәулігіне 6–7 ретке дейін арттыру, контейнерлер мен қоқыс жәшіктерінің санын көбейту, сондай-ақ абаттандыру қызметкерлерінің санын ұлғайту жоспарлануда. Ең көп баратын орындарда қоғамдық санитарлық тораптардың тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етіліп, оларды тұрақты түрде күтіп ұстау және тиісті санитарлық жағдайды сақтау қолға алынады.

Өзекті мәселелердің бірі – Бурабай курорттық аймағындағы көлік кептелісін жою. Осыған байланысты бақылау-өткізу пункттерінің жұмысын оңтайландыру бойынша жедел шаралар қабылдау тапсырылды: өткізу қабілетін арттыру мүмкіндігін қарастыру, көлік ағындарын қайта бөлу және қозғалысты ұйымдастыруды жетілдіру.

Сондай-ақ жол бойындағы сервисті дамыту және ұялы байланыстың сапасын арттыру мәселелері жеке қаралды. Курорттық аймақтар аумағында тұрақты байланыс қамтылуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Барлық бағыттар бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен қызметтерге нақты тапсырмалар берілді. Туристер үшін жайлы, қауіпсіз және заманауи жағдай жасау мақсатында курорттардың жазғы маусым басталғанға дейін толық дайын болуы ерекше бақылауға алынды.