Целиноград ауданының әкімі референдумда дауыс беруге қатысты

Целиноград ауданының әкімі референдумда дауыс беруге қатысты

2026 жылғы 15 наурызда Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы бойынша шешім қабылдау мәселесіне арналған республикалық референдумға қатысты.

Аудан әкімі өз дауысын Ақмол ауылының мектеп-гимназиясында орналасқан №733 референдум учаскесінде берді.

Референдум күні Целиноград ауданында 58 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді, оның ішінде 2 учаске – жабық. Жабық учаскелер №44813 әскери бөлімінде және аудандық полиция бөлімінде ұйымдастырылған. Барлық учаскелер қажетті құрал-жабдықтармен, ақпараттық материалдармен қамтамасыз етіліп, штаттық режимде жұмыс істеуде.

Дауыс беру сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады.

Целиноград ауданы бойынша дауыс берушілер тізіміне барлығы 39 917 азамат енгізілген.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы бойынша шешім қабылдау мәселесіне арналған республикалық референдум өткізуді тағайындады.

Референдумға бір мәселе шығарылған: «2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?».

Референдум азаматтардың ерікті түрде қатысуы, еркін ерік білдіруі, сондай-ақ жалпыға бірдей, тең, тікелей және жасырын дауыс беру қағидаттары негізінде өткізіледі.

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын қабылдау туралы шешім дауыс берушілер тізіміне енгізілген азаматтардың көпшілігі қолдап дауыс берген жағдайда қабылданды деп есептеледі.

Сондай-ақ учаскелерде дауыс беру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған, оның ішінде мүгедектігі бар және жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға да қолайлы жағдай қарастырылған. Қоғамдық тәртіпті құқық қорғау органдарының қызметкерлері қамтамасыз етуде, сондай-ақ бақылаушылар қатысуда.

Целиноград ауданының барлық тұрғындарын өз азаматтық ұстанымын білдіріп, азаматтық борышын орындап, референдумға қатысып дауыс беруге шақырамыз.