Ақмола құрылысшылары – тұрғын үй пайдалануға беруде көшбасшылар

Ақмола құрылысшылары – тұрғын үй пайдалануға беруде көшбасшылар

2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысы Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлері арасында тұрғын үй құрылысының қарқыны бойынша көшбасшылардың бірі мәртебесін сақтап қалды. Өңірде шамамен 700 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 6658 пәтерді құрайды және өткен жылдың көрсеткішінен 3,7%-ға артық.

«Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі бойынша облыс көршілес өңірлерді, соның ішінде Қостанай және Павлодар облыстарын, сондай-ақ индустриялық Қарағанды облысы мен Ұлытау облысын басып озды. Өсімге негізгі үлесті Көкшетау және Қосшы қалалары, сондай-ақ Целиноград, Аршалы және Бурабай аудандары қосты», – деп атап өтті Ақмола облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышев.

Әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше назар аударылуда. 2025 жылы мыңнан астам отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Көкшетау, Қосшы қалаларында, сондай-ақ Ақкөл, Егіндікөл және Целиноград аудандарында 331 пәтерлік жеті әлеуметтік үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, жеке құрылыс салушылардан тұрғын үйді тікелей сатып алу тетігі арқылы кезекте тұрған тағы 756 отбасының тұрғын үй жағдайы жақсарды.

Айта кетейік, 2026 жылы өңір құрылыс қарқынын сақтауды жоспарлап отыр – 700 мың шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Қазіргі уақытта 1325 пәтерлік 26 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Мемлекет тарапынан шамамен 1500 әлеуметтік пәтерді сатып алуға 19,3 млрд теңге қарастырылған.