Ақмола облысының педагогтар қауымдастығы жаңа Конституцияны қолдайды

Ақмола облысының педагогтар қауымдастығы жаңа Конституцияны қолдайды

Облыс әкімі Марат Ахметжанов педагогтар мен студенттермен кездесу өткізді. Кездесу мемлекет дамуына бағытталған бастамалар мен конституциялық реформалардың маңызын талқылау аясында өтті.

«Алдағы Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі референдум – мемлекетіміздің дамуындағы маңызды кезең. Елдің Негізгі заңы саяси, әлеуметтік және экономикалық дамудың бағытын айқындайды, ал ұсынылып отырған өзгерістер Әділетті Қазақстан қағидаттарын, ашықтықты және мемлекеттің қоғам алдындағы жауапкершілігін нығайтуға бағытталған. Әрбір азамат өз ұстанымын білдіріп, еліміздің болашағын қалыптастыруға үлес қосуы тиіс.

Бүгін білімді әрі белсенді қоғам өкілдерінің – педагогтар мен студент жастардың қатысуы ерекше маңызды. Себебі дәл сіздер азаматтық мәдениетті қалыптастырып, жаңа ұрпақты тәрбиелейсіздер және мықты әрі әділетті мемлекеттің негізін қалайсыздар», – деп атап өтті өңір басшысы.

Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева өңірдегі 1261 білім беру ұйымында 23 мыңнан астам педагог еңбек ететінін айтты. Соңғы жылдары білім беру жүйесіне ерекше көңіл бөлініп келеді: инфрақұрылым дамып, білім сапасын арттыруға жағдай жасалуда. Сонымен қатар өңірдің ерекшеліктерінің бірі – шағын жинақты мектептердің үлесі жоғары, ол шамамен 64%-ды құрайды.

Алдағы реформалардың маңызы туралы Алтынбек Дағыстан (Бурабай ауданы Урымқай орта мектебінің директоры), Элеонора Далабаева (Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті 4-курс студенті), Надежда Кашкевич (Красный Яр ауылы №2 мектебінің бастауыш сынып мұғалімі) және Аллан Жантайқожа (Жоғары техникалық колледж студенті) өз пікірлерімен бөлісті.