Ақмола облысында денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері талқыланды

Ақмола облысында денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері талқыланды

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова төрағалық еткен кеңейтілген алқа отырысында өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты өзекті мәселелер қаралды. Баяндамамен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек сөз сөйлеп, қойылған міндеттер мен басым бағыттардың әрқайсысына тоқталды.

Бастапқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту, кадрларды бекіту, инфрақұрылымды жаңғырту, жабдықтарды жаңарту және төсек-орын қорын оңтайландыру мәселелері талқыланды. Жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді төмендету, сондай-ақ медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін, әсіресе ауылдық жерлерде арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 43 медициналық нысан салынды. Нәтижесінде 50 мыңнан астам ауыл тұрғыны сапалы медициналық көмекке қол жеткізді. Скринингтік бағдарламалар кеңейтіліп, ми қан айналымы бұзылыстарын ерте анықтауға арналған жаңа скрининг енгізілді, инсульттің алдын алу шаралары күшейтілді.

Бастапқы көмек көрсету жүйесін дамыту жалғасуда: 334 мейіргер дербес қабылдау жүргізуде, жылжымалы медициналық кешендер 380 ауылды қамтып, 45 мыңнан астам адам тексерілді. Өңірде 350 жоғары технологиялық операция жасалды, емдеудің заманауи әдістері енгізіліп, неонаталдық хирургия дамытылуда. Денсаулық сақтау саласында жасанды интеллектіні қолдану жобалары да атап өтілді: Көкшетау қаласындағы алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығында және VIAMEDIS мекемесінде құжат айналымын автоматтандыру және медициналық деректерді өңдеу үшін «Ascle» цифрлық платформасы іске қосылды; Ақкөл ауданында 8 медициналық ұйым мен 25 мыңнан астам тұрғын телемедицинамен қамтылды. Digital MED365 компаниясы пенитенциарлық жүйе мекемелерінде қашықтан кеңес беру қызметін енгізіп, қауіпсіздікті арттыруда. Көкшетау қаласындағы Көпсалалы облыстық ауруханада инсультті тәулік бойы жедел диагностикалауға арналған «Cerebra» жасанды интеллект бағдарламасы енгізілді.

«Алдын алу шараларынан бастап бастапқы буынды нығайтуға және жоғары технологияларды енгізуге дейін мемлекеттік саясат деңгейінде қолдау тапқан кешенді шаралар пациентке бағытталған заманауи медициналық көмек моделін қалыптастырады. Бұл шаралар азаматтарымыздың денсаулығын қамтамасыз етуге және өңірдің жан-жақты дамуына берік негіз қалайды», – деп қорытындылады Алтынай Әміренова.