Алдын ала брондау және цифрлық жазылу: ХҚКО-да қызмет көрсету моделі қалай өзгеріп жатыр

Алдын ала брондау және цифрлық жазылу: ХҚКО-да қызмет көрсету моделі қалай өзгеріп жатыр

Қазақстан бойынша 32 аудандық және қалалық ХҚКО бөлімінде қызмет көрсету алдын ала жазылу форматына ауыстырылды. Енді тұрғындар өзіне ыңғайлы күн мен уақытты алдын ала таңдап, белгіленген уақытта келе алады, деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы. Аталған бөлімдерде қабылдау тек алдын ала брондалған электронды талон арқылы жүзеге асырылады.

20 ақпаннан бастап жобаны ауқымды енгізудің кезеңі аясында пилоттық жобаға тағы 22 Халыққа қызмет көрсету бөлімдері қосылды. Қызмет аясын кеңейту шалғай өңір тұрғындарына алдын ала жазылып, көрсетілетін қызметті белгіленген уақытта кезексіз алуға мүмкіндік береді.

Азаматтар алдын ала жазылуды «ЦОН» және «eGov Mobile» мобильді қосымшалары, электрондық үкімет порталы және талон беру киосктері арқылы рәсімдей алады. Бұл ретте дайын құжаттарды беру, өзіне-өзі қызмет көрсету секторы және құжаттандыру қызметтері бұрынғы тәртіппен, алдын ала жазылусыз жұмысын жалғастырады.

Сонымен қатар келушілердің жекелеген санаттары үшін арнайы жұмыс орны қарастырылған. Ол Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға және шетелдік азаматтарға арналған.

«ЦОН» мобильді қосымшасын пайдалану үшін ЖСН және телефон нөмірі арқылы авторизациядан өту қажет екенін еске саламыз. Қосымша App Store және Google Play платформаларында қолжетімді.

Атап өтсек, пилоттық режим шеңберінде алдын ала брондау жүйесінің қажеттілігі мен тиімділігіне бағалау жүргізілетін болады. Талдау нәтижелері бойынша қызметтің функционалын одан әрі  кеңейту туралы шешім қабылданады.

Жоба – азаматтарға қолайлы жағдай жасауға және қабылдауды жүйелеуге бағытталған қызмет көрсетудің цифрлық моделіне көшуінің бір бөлігі болып табылады.

Қызмет Қазақстан бойынша келесі ХҚКО бөлімдерінде қолжетімді: Абай облысы — Курчатов қаласы, Бородулиха ауданы; Ақтөбе облысы — Мәртөк, Хромтау аудандары; Атырау облысы — Мақат ауданы; Алматы облысы — Шелек ауылы, Ұйғыр ауданы, Алатау қаласы; Шығыс Қазақстан облысы — Шемонаиха ауданы, Риддер қаласы; Жетісу облысы — Кербұлақ, Қаратал аудандары; Батыс Қазақстан облысы — Дарьинск ауылы, Теректі ауданы; Жамбыл облысы — Жуалы ауданы; Қызылорда облысы — Сырдария, Қармақшы аудандары; Маңғыстау облысы — Қарақия, Түпқараған аудандары; Қарағанды облысы — Абай ауданы, Шахтинск қаласы, Шет ауданы, Балқаш қаласы; Қостанай облысы — Тобыл қаласы; Түркістан облысы — Бәйдібек, Созақ аудандары; Солтүстік Қазақстан облысы — Ақжар, Айыртау, Есіл аудандары; Ақмола облысы — Сандықтау ауданы; Павлодар облысы — Баянауыл, Тереңкөл аудандары.