
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасымен «Біртұтас дрон инфрақұрылымы» жобасы аясында дрондарды пайдаланып, су тасқыны жағдайын мониторингтеу жүйесін енгізу механизмі жүзеге асырылуда. Жоба туралы облыстық су тасқыны алдын алу комиссиясының отырысында облыстың цифрландыру басқармасының басшысы Мағжан Ержан егжей-тегжейлі баяндады.
«Дрондарды орнатудың негізгі мақсаты – су тасқыны қаупі бар аймақтарды күнделікті мониторингтеу, қауіп-қатерді жедел анықтау және өзекті ақпаратты облыстық су тасқыны штабына уақытылы жеткізу. Талдау нәтижелері бойынша облыстың 11 ауданында су тасқыны қаупі бар 18 нүкте анықталды», – деді Мағжан Ержан.
Жабдықтар Атбасар және Ақкөл қалаларында, Ескі Қалқұтан, Талапкер, Қоянды ауылдарында және Жібек Жолы поселкесінде орнатылған. Ұшулар штаттық режимде жүргізілуде. Сонымен қатар, аталған аймақтарда қар тазалау жұмыстарының жағдайы бақылауда.
Қазіргі уақытта жабдықтарды Дамса ауылында және Макинск қаласында орнату жалғасуда. Қосымша ретінде су тасқынына қарсы іс-шаралар шеңберінде Tasqyn ақпараттық жүйесі қолданылады, ол су тасқынының дамуын болжауға мүмкіндік береді. Барлық ақпарат ТЖД жедел штабына беріледі, ал Digital Aqmola орталығы Ақмола облысының басшылығы үшін үйлестіру алаңы ретінде анықталды.
«Жобаны іске асырудан күтілетін нәтиже – қауіп-қатерлерді уақытылы анықтау және алдын алу шешімдерін қабылдау арқылы төтенше жағдайлар қаупін азайту. Орталықтандырылған мониторинг жедел әрекет етуге және басқарушылық шешімдерді нақты уақыт режимінде қабылдауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті облыс әкімі.
Сонымен қатар, қатысқан ведомстволар басшылары су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізгені туралы есеп беріп, Қазгидрометорталығының болжамымен және техниканың дайындық дәрежесімен танысты.