Арнайы құқықтық режим: жаңа конституциялық норма өңірлерге не береді

Арнайы құқықтық режим: жаңа конституциялық норма өңірлерге не береді

Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасында жекелеген өңірлерді жедел дамытуға арналған құралды бекіту ұсынылады. Әңгіме елдің белгілі бір аумақтарында қаржы саласында арнайы құқықтық режим енгізу немесе «жедел даму қалаларын» құру мүмкіндігі туралы болып отыр. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов «Референдум-2026» онлайн-марафоны барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, жедел даму қаласы мен арнайы құқықтық режим белгілі бір аумақта экономикалық өсім үшін ерекше жағдай жасауды білдіреді. Мұндай аймақтарда инвестициялар мен инфрақұрылым шоғырландырылмақ. Негізгі ерекшелік – инвесторлар мен жаңашыл кәсіпкерлерді тарту. Депутат бұл тетік Қазақстанға ғана тән ноу-хау емес екенін, әлемдік тәжірибеде бұрыннан қолданылып келе жатқанын атап өтті. Мысал ретінде ол Қытай тәжірибесін келтіріп, кезінде балықшылар ауылы болған елді мекен уақыт өте келе халқы 10 миллионнан асатын ірі мегаполиске айналып, технологиялық хабқа айналғанын айтты.
Магеррамовтың түсіндіруінше, арнайы құқықтық режим заң арқылы белгіленеді және салық салу, жер қатынастары, бизнесті тіркеу және инвестициялық қызмет салаларында белгілі бір жеңілдіктер беруді көздейді. Барлық шарттар мен құралдар заңнамамен нақты реттеледі.

Сонымен қатар ол мұндай режим қолданыстағы билік жүйесіне балама емес, тек ерекше жағдай екенін және құқықтық вакуум тудырмайтынын атап өтті. Бұл аумақтарда Конституция нормалары, сот бақылауы, азаматтардың сот арқылы қорғану тетіктері, прокурорлық қадағалау, сондай-ақ экологиялық стандарттар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптар толық көлемде сақталады.

Оның айтуынша, бизнес үшін бұл – шығындарды азайту, бюрократиялық кедергілерді жедел еңсеру, салықтық жеңілдіктер немесе тіпті кейбір салықтарды алып тастау мүмкіндігі. Ал өңірлер үшін – жаңа кәсіпорындар ашу, жұмыс орындарын құру және қаржылық базаны нығайту деген сөз.