Ақмола облысында кәсіпкерлер үшін жаңа салық режимдері іске қосылды

Ақмола облысында кәсіпкерлер үшін жаңа салық режимдері іске қосылды

Жылдың басынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Оған сәйкес, кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар үшін үш арнайы салық режимі енгізілді. Олар өз бетінше табыс табатындарға, қарапайым декларация негізінде табыс есептейтіндерге және фермерлік немесе шаруа қожалықтарына арналған. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Назгүл Аюпова, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.

Спикердің айтуынша, жаңа жүйе кәсіпкерлерге салық есептілігін жеңілдетіп, әкімшілік жүктемені азайтатын болады.

«Жеке кәсіпкерлер енді өз табыстарын мобильді қосымшалар арқылы тіркеп, әлеуметтік төлемдерді 4% мөлшерінде төлей алады. Бұл жүйе ашықтық пен ыңғайлылыққа бағытталған»,-деді басқарма басшысы.

Өз бетінше табыс табатындар үшін арнайы режимге тек жеке тұлғалар, табысы 1,3 миллион теңгеден аспайтындар ғана кіре алады. Қарапайым декларация негізінде режимді барлық кәсіпкерлер пайдалана алады, табыс жылдық 2,6 миллиард теңгеден аспауы керек. Ал фермерлік және шаруа қожалықтары үшін шарттар бұрынғыдай сақталады, салық жеңілдіктері толық қолданыста болады.

Кәсіпкерлерге арнайы хабарландыру жасау міндетті. 2025 жылы арнайы салық режимдерін қолданған кәсіпкерлер 1 наурызға дейін өз режимін таңдап, тиісті хабарламаны салық органдарына ұсынуы қажет. Уақытында хабарлама бермегендер жалпы салық режиміне автоматты түрде ауыстырылады.

Назгүл Аюпова мәлімдегендей, жаңа жүйенің тағы бір маңызды бөлігі – кәсіпкерлерге тегін кеңес беру акциясы «Халықтық бухгалтер».

«Акция шеңберінде кәсіпкерлер бухгалтерлік есеп, салық декларациясы және ақпараттық жүйелер бойынша практикалық түсініктемелер ала алады. Бұл жаңа режимге өту кезеңінде көп көмегін тигізеді»,-деді ол.

Ақмола облысында акция Көкшетау қаласындағы Мемлекеттік кірістер басқармасында өткізіледі, кеңестер онлайн, телефон немесе жеке келу арқылы алуға болады. Бұл шара салық бақылауынан қызмет көрсетуге көшуге және кәсіпкерлердің есеп-қисабын жеңілдетуге бағытталған.