Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Талапкер және Қоянды ауылдарының су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын тексерді

Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Талапкер және Қоянды ауылдарының су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын тексерді

Целиноград ауданына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Булат Исаков жұмыс сапарымен келді. Сапардың мақсаты – су тасқыны қаупі бар елді мекендердің 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне нақты дайындық деңгейін бағалау және алдын алу шараларының тиімділігін тексеру болды.

Тексеру жұмыстарына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі Сейдолла Болатұлы, Ақмола облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Джанет Микишев, жұмылдыру даярлығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Марат Оспанов, Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Болат Шабезов, «Қазгидромет» РМК филиалының директоры Бахыт Макажанова, сондай-ақ Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғали қатысты.

Жұмыс сапары Талапкер ауылындағы Есіл өзені бойындағы су тасқыны қаупі бар учаскені, оның ішінде көпір өткелін қараудан басталды. Өзен арнасының өткізу қабілеті, жағалау аймағының жағдайы және тұрғын үйлерді қорғау мақсатында атқарылып жатқан инженерлік іс-шаралар қаралды.

Қоянды ауылында делегация су қоймасының және гидротехникалық құрылыстардың жағдайымен танысты. Су деңгейін реттеу, еріген қар суларын қауіпсіз өткізу шаралары талқыланды.

Жұмыс кездесуі барысында аудан әкімі мен тиісті қызмет басшылары күштер мен құралдардың дайындығы, арнайы техниканың болуы, инертті материалдар қорының қалыптастырылуы және гидрометеорологиялық ахуалды мониторингтеу жұмыстары туралы ақпарат ұсынды.

Сапар қорытындысы бойынша алдын алу шараларын күшейту және барлық мүдделі құрылымдардың үйлесімді әрекетін қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер белгіленді.

Целиноград ауданында су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары күшейтілген режимде жалғасуда және үнемі бақылауда ұсталады.