
Целиноград ауданында ардагерлер кеңесінің есеп беру және сайлау конференциясы өтті. Іс-шара барысында атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, ардагерлердің қоғамдық қызметі, жастарды тәрбиелеудегі рөлі және ұйымның алдағы даму бағыттары талқыланды.
Конференция жұмысына Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы, сондай-ақ Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нығманов қатысты. Қатысушылар ардагерлердің қоғам өміріндегі маңызын атап өтіп, олардың өмірлік тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізудің өзектілігіне тоқталды.
Конференцияның басты қорытындысы – Целиноград ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасын сайлау болды. Дауыс беру қорытындысы бойынша бұл лауазымға Нығметов Қайрат Қайроллаұлы сайланды. Оның мол тәжірибесі мен белсенді азаматтық ұстанымы ұйым жұмысына жаңа серпін беріп, ардагерлердің мүддесін қорғауға ықпал етеді деп атап өтілді.
Іс-шара соңында ардагерлердің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі жоғары бағаланып, олардың көпжылдық еңбегі мен өмірлік тәжірибесіне құрмет көрсетілді. Конференция ұрпақтар сабақтастығы мен елге қызмет етудің жарқын үлгісі болды.