
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Өзбекстанда өткен отырыста «Қос ел арасындағы достықтың тамыры терең, халықтарымыздың рухани құндылықтары ортақ, қазақ-өзбек қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында қарқынды дамып келе жатыр» – деп атап өткен еді.
Бұл ретте Достық үйінде өткен шараға модератор болған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев Қазақстан мен Өзбекстан елдерінің арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың өрісі кеңейіп, ұрпақтар сабақтастығын және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған бірлескен шаралар өтіп жатқанын атап өтті.
Аталған іс-шараның бастамашыларының бірі «Ақмола облысының Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық ассамблея төрағасының орынбасары, қайырымдылық және мәдени бастамалардың ұйымдастырушысы - Тожибуви Медетова болды.
Шараның қонақтары Қазақстан Республикасындағы Өзбекстан Республикасы Елшілігінің консулы Ализод Сайдахмедов, Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы Улугбек Калназаров, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жастар Абай Құнанбаев пен Әлішер Науаидың мұрасы туралы кітап көрмесін тамашалады.
Кездесуде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессорлары Сәбит Жәмбек «Абай мен Науаи поэзиясындағы адамгершілік концептілері» және Гүлнәз Бөкен «Қазіргі қазақ және өзбек прозасындағы қоғамдық өмірдің реалилері» тақырыптары бойынша баяндама жасады.
Сондай-ақ, облыстық «Ассамблея жастары» өкілдігінің мүшелері Абай Құнанбаев пен Әлішер Науаидің шығармалары бойынша бағдарлама ұсынды.