
Ақмола облысында су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша өткен кеңесте өңір басшысы Марат Ахметжанов астана маңындағы аудандардың әкімдерінің баяндамаларын тыңдады.
Гидрологиялық болжамға сәйкес, облыстың бірқатар аудандарында топырақтың ылғалдану деңгейі, тоңның қату тереңдігі және қар қоры көлемі қалыпты көрсеткіштерден асып отыр. Есіл, Жабай, Сілеті өзендерінде және олардың салаларында су деңгейінің қауіпті шектен асу қаупі жоғары.
«Біздің өңір су тасқыны қаупі жоғары аймақтардың қатарына кіреді. Бұл бізден халықтың өмірі мен денсаулығын, сондай-ақ олардың мүлкін сақтау мақсатында жедел шешімдер қабылдап, қойылған міндеттерді уақтылы орындауды талап етеді.
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан ауқымды жұмыс жүргізілуде. Қар шығару жұмыстарына бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есеге, өзен арналарына жарылыс жұмыстарын жүргізуге арналған қаржыландыру 1,7 есеге артты. Инженерлік және су сору техникасы дайындалуда, инертті материалдар, қаптар мен жанар-жағармай қоры жинақталуда. Халықпен өзара іс-қимылды жолға қойып, азаматтық бастамаларды қолдау қажет», – деді өңір басшысы.
Аудан әкімдері мен Қосшы қаласының әкіміне қар шығару жұмыстарын жандандыру, инженерлік және су сору техникасын толық дайындыққа келтіру, қажет болған жағдайда оларды су тасқыны қаупі бар елді мекендерге жедел түрде қайта орналастыру, сондай-ақ эвакуациялау және күштердің уақытша орналасу пункттерін дайындау тапсырылды. Сонымен қатар халықпен ақпараттық жұмысты күшейтіп, әлеуметтік желілердегі өтініштерге жедел әрекет ету жүктелді.
Су тасқынына қарсы іс-шаралардың жүзеге асырылу барысы тұрақты бақылауда.