Ақмола облысының алқаптарына 37 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы шығады

Ақмола облысының алқаптарына 37 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы шығады

Өңірде жаздық егіс 5,5 млн гектарға жоспарланған. Оның ішінде 4,6 млн гектары — дәнді дақылдар, 570 мың гектары — майлы дақылдар, 370,4 мың гектары — мал азықтық дақылдар. Бұл туралы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жөніндегі кеңесте облыс әкімі Марат Ахметжановқа баяндалды.

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 539,8 мың тонна тұқыммен, дизель отынымен және минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз етілген. Егіс науқанына шамамен 37 мың бірлік техника тартылатын болады, олардың бүгінгі күнгі дайындығы 82 пайызды құрайды, сәуір айының ортасында 100 пайызға жетеміз. “Кең Дала 2” бағдарламасы аясында 145 шаруашылықтың көктемгі егіс жұмыстарын несиелеуге 15,4 млрд теңге бөлінді», – деп атап өтті Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадыраков.

Сонымен қатар пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару және қайта бөлу жұмыстары жалғасуда. 2026 жылы 90 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып отыр.

«Көктемгі егіс жұмыстарымен қатар, Ерейментау ауданының якорлық жобаларына сүйене отырып, ет және сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытуды жалғастыру қажет. Сондай-ақ цифрландыру басқармасы да шет қалмауы тиіс: егіс алқаптарын мониторингтеу дрондардың көмегімен жүргізіледі», – деп атап өтті өңір басшысы.

Кеңес қорытындысы бойынша Марат Ахметжанов мүдделі мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.