
Ақмола облысы әкімдігінің бастамасымен Астанада бір жылдан астам уақыттан бері инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету үшін өңірлік «Aqmola Invest» фронт-офисы жұмыс істеп келеді. Енді «Aqmola Invest» инвесторлармен жаңа, кең әрі заманауи ғимаратта жұмыс істейтін болады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Астананың агломерациясында инвестициялық белсенділікті арттыру және инфрақұрылымды дамыту үшін республикалық маңызы бар AQMOLA индустриалды аймағы құрылды. Біз жалпы сомасы шамамен 2 трлн теңге болатын жаңа инвестициялық жобаларды бастауды жоспарлап отырмыз, бұл әрі астана, әрі Ақмола облысы үшін пайдалы болады. Жаңа офис инвесторлармен жұмысты әлдеқайда ыңғайлы жағдайда жүргізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Астана әкімдігіне ғимаратты ұсынғаны үшін алғысын білдіре отырып.
«Aqmola Invest» инвестициялық фронт-офисы мен AQMOLA индустриалды аймағын басқарушы компанияның бірлескен жұмысы цифрландыру жағдайында біртұтас ақпараттық кеңістік құруға мүмкіндік береді. Мұнда өңірдегі жер ресурстары мен инвестициялық мүмкіндіктер туралы мәліметтер өзекті әрі отандық және шетелдік инвесторлар үшін қолжетімді болып табылады.
Индустриалды аймақ аумағында заманауи инженерлік және өндірістік инфрақұрылым қалыптасып келеді. Негізгі жобалардың қатарында – бидайды терең өңдейтін «Азия Алтын Дән» ЖШС, клинкер өнімдерін шығаратын «Terracottas» ЖШС, газоблок өндіретін «Eagle Architecture Technology Co., Ltd» зауыты, сұйытылған табиғи газ өндірісі бойынша «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ жобасы, сондай-ақ ауылшаруашылық техникасын шығаратын «Remsintez RK» ЖШС бар.
«Біздің компания астаналық аймақта экотуризмді дамыту жоспарын қарастырады – балаларға арналған іс-шаралардан бастап фестивальдерді өткізуге дейін. «Aqmola Invest» арқылы біз несие бағдарламалары, қажетті техникалық сипаттамалар бойынша ақпараттық қолдау алдық, туризм басқармасының өкілдерімен кездестік», – деді «GQ Resort» ЖШС даму директоры Мағжан Қыстаубаев.
Айта кетейік, «Aqmola Invest» – елордада орналасқан жалғыз өңірлік фронт-офис.