
Биыл көктемде өңір диқандары жаңартылған егіс құрылымымен алқаптарға шығады. Облыста астық дақылдарының үлесі біртіндеп қысқартылып, майлы, мал азықтық дақылдарға, сондай-ақ картоп пен көкөніс өсіруге басымдық берілуде. Мұндай тәсіл фермерлер үшін тәуекелдерді азайтып, ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға мүмкіндік береді. Бұл туралы брифинг барысында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадыраков мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Оның айтуынша, егіс алқаптарының жалпы көлемі тұрақты деңгейде сақталады және шамамен 5,5 миллион гектарды құрайды. Жаздық егіс өңірдің дерлік барлық аумағын қамтиды, алайда егіс құрылымы басым дақылдар пайдасына өзгереді.
«Біз егіс құрылымын кезең-кезеңімен өзгертіп, астық дақылдарына шамадан тыс тәуелділіктен арылудамыз. Бұл өндірісті әртараптандыруға және аграрлық сектордың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді», – деді спикер.
2026 жылы майлы дақылдар алқабы ұлғайып, шамамен 570 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар мал азықтық дақылдар, картоп және көкөніс егістігі де кеңейтіледі. Жалпы егіс көлемі сақталғанымен, ішкі нарық пен қайта өңдеу саласына сұранысы жоғары бағыттар күшейтіледі.
Сонымен қатар тұқым қорын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Егіс науқанына шамамен 540 мың тонна тұқым дайындалып, олардың сапасы тексерілуде. Шаруашылықтар аттестатталған өндірушілерден тұқым сатып алып, тұқым қорын жаңартуда.
Агротехникалық шаралар да жалғасуда. Қар тоқтату жұмыстары 70 пайыздан астам орындалды, бұл топырақта ылғалдың жиналуына оң әсерін тигізеді.
«Барлық алдын алу жұмыстарын тәуекелдерді азайтып, болашақ өнімді сақтап қалу үшін алдын ала жүргіземіз», – деп атап өтті Нұрбек Бадыраков.
Егіс науқанының табысты өтуіндегі басты факторлардың бірі – минералды тыңайтқыштарды енгізу. Биыл олардың көлемін 430 мың тоннадан астамға жеткізу жоспарлануда. Бұл үшін отандық өндірушілермен және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен өзара тиімді ынтымақтастық жолға қойылған.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін шамамен 77 мың тонна дизель отыны бөлінеді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын дайындау жұмыстары жалғасуда, қазіргі таңда оның дайындық деңгейі 80 пайызға жуық.
Егіс науқаны қолданыстағы жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары аясында қаржыландырылады. Дайындық жұмыстары ерекше бақылауда, бұл тұрақты аграрлық маусымның негізін қалап, Ақмола облысының ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.