
Бүгін Целиноград ауданында Жарлыкөл ауылдық округі әкімінің сайлауы басталды. Таңғы сағат 7:00-ден бастап Жарлыкөл және Жалғызқұдық ауылдарының тұрғындары дауыс беруге кірісті.
Сайлауды ұйымдастыру және өткізу Целиноград аудандық аумақтық сайлау комиссиясының бақылауымен жүзеге асырылуда. Сайлау науқанына 1 аумақтық және 2 учаскелік сайлау комиссиясы тартылып, сайлау заңнамасының сақталуы мен дауыс беру процесінің ашықтығы қамтамасыз етілуде.
Дауыс беруге құқығы бар 1 236 сайлаушы сайлаушылар тізіміне енгізілген. Дауыс беру учаскелері сағат 7:00-де ашылып, 20:00-де жабылады.
Ауылдық округ әкімінің сайлауы қолданыстағы әкімнің өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты тағайындалды. Жарлыкөл ауылдық округі әкімінің лауазымына 3 кандидат тіркелген: олардың біреуі «AMANAT» партиясы тарапынан ұсынылса, екеуі өзін-өзі ұсыну тәртібімен тіркелген.
Дауыс беру және дауыстарды санау аяқталғаннан кейін сайлау қорытындылары үш күн ішінде шығарылуға тиіс. Сайлау өткізілгеннен кейін жеті күн ішінде аумақтық сайлау комиссиясы сайланған әкімді тіркейді, содан кейін ол өз өкілеттігін ресми түрде жүзеге асыруға кіріседі.