
Экономиканың негізгі секторларында жаңа инвестициялық келісімдерді дайындау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы «Қазақстандық шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының директоры Жанна Байдашева мәлімдеді.
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында инвесторлар мен Үкімет арасында ашық диалог құрылуда.
Қазір инвестициялар туралы жаңа келісімдер қаралуда және денсаулық сақтау, құрылыс, көлік-логистика, жер қойнауын пайдалану және тағы да басқа салаларда ауқымды жұмыстар жүргізілуде, — деп атап өтті ол Премьер-министр Олжас Бектенов өткізген ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысындағы жұмыс сессиялары барысында.
Оның айтуынша, адами капиталды дамыту және кадрларды даярлау мәселелеріне айтарлықтай көңіл бөлінуде. Былтыр «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында инвесторлар өз кәсіпорындары үшін жұмысшы маман кадрларын даярлауға белсенді қатысты.
Инвестицияларды тартумен қатар, технологиялар трансферті, сондай-ақ қазақстандық мамандарды оқыту, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыруға баса назар аударылатыны атап өтілді.
Сондай-ақ, жұмыстың маңызды бағыттарының бірі экономика салаларын цифрландыру болып қала бермек. Жасанды интеллект технологияларына көшу жағдайында мемлекет пен бизнестің алдында экономиканың барлық салаларына цифрлық шешімдерді кешенді түрде енгізу міндеті тұр.